Павлодар облысының Ұзынсу ауылында сібір жарасы дертінің анықталуына байланысты карантин жарияланды. Бүгінгі таңда мұнда мал етін ұстап, сібір жарасы дертіне шалдыққан үш адам ауруханада жатыр.
Бұл туралы Қазақстан Жаңалықтары хабарлайды.
– Павлодар облысының Ұзынсу ауылында сойылған сиырдың сібір жарасы дертіне шалдыққанын Ұлттық референтті орталық растады. Осыған байланысты ауылда карантин жарияланды, – деді Павлодар облысының ветеринарлық санитарлық бас инспекторы Рашид Нұрбеков.
Облыс прокуратурасы бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Павлодар облысының тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы Ирина Сорокина ауру мал етін тұтынғандар саны 25-тен 42-ге өскенін айтып отыр. Бұл адамдар 8 күн бойына дәрігерлердің қарауында болады.
Облыс прокуратурасының ұсынысы бойынша, алдағы күндері аймақтағы барлық ет өңдеуші кәсіпорындар тексерілетін болады.
8-шілдеде Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Ұзынсу ауылының екі тұрғыны сібір жарасы дертін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түскенін баса айта кетелік. Ал 9-шілдеде тағы бір адам ауруханаға келіп түседі. Ұзынсу ауылының 51 жастағы тұрғының жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Эпидемиолог дәрігер Гүлмира Құлмағамбетованың айтуынша, ол адам ес-түсін біледі.
— Ауылдың үш тұрғыны да шикі етті ұстаған, яғни, олар мал сойған кезде бірге болған. Барлығының қолының терісі күлдіреп, ұсақ іріңдер пайда болған. Бұл сібір жарасы болуы мүмкін. Екі-үш күннен кейін бактериологиялық сараптама нәтижелерін аламыз. Үшеуі де сандырақтап, ауруханаға ауыр халде түсті, — дейді облыстың штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері.
Естеріңізге салсақ, осының алдында сібір жарасы дерті Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген болатын. Екеуінде де адамдар бұл дертті мал сою кезінде жұқтырған.