Павлодар облысында сібір жарасы адамға жұққан ба?

38 просмотров

Павлодар облысының Ертіс ауданы Ертіс ауылында сібір жарасын жұқтырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылған екі адамнан алынған сынамалардың алдын ала қорытындысы бойынша, олардан қауіпті дерттің белгілері табылмаған.

Бұл туралы Павлодар облыстық мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бас дәрігері Рашид Нұрбековке сілтеме жасап BNews.kz сайты хабарлады.

«Ұзынсу ауылында сойылған, салмағы 117 келі тартатын сиырдың бұған дейін дертке қарсы арнайы егілгенін растайтын құжат бар. Қазіргі кезде 50 келіге жуық ет алынды, олар зертханада»

деп хабарлаған Нұрбеков.

Бұған дейін Ұзынсу ауылының тұрғыны мал дәрігерінің рұқсат құжатынсыз 27 маусымда ауру сиырды сойып, етін Ертіс ауылындағы дәмханаға өткізгені, ал 8 шілдеде екі адам сібір жарасын жұқтырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат тараған. Кейін тағы да 23 адам дәрігерлер бақылауына алынған.

Павлодар облысында адамдарға сібір жарасы жұққаны туралы әзірше ресми расталған ақпарат жоқ. Күдікке ілінген адамдардың сынамалары республикалық зертханаға жолданған.

Загрузка...