Астанаға осы аптада ресми сапармен келген Ресей президенті тағы да қазақ қоғамның қытығына тиетін мәлімдеме жасады. Оның Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай ақпараттық кеңістігін құру туралы ұсынысы қарапайым адамдарды білмейміз, бірақ мамандарды денесіне шоқ түскендей тызақтатып жіберді…
Бұдан бұрын да Елордаға бір келіп кеткен Путин «Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасын тездетіп шығарайық» деп «одақтастарын» қолқалап, әбігерге түсіргені белгілі. Өйткені «ортақ ақша шығады» деген сыбыс қураған қоғаға түскен оттай лып етіп тарап, ол кезде де елді аяғынан бір тік тұрғызды. Қазақстан билігі түрлі деңгейде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатып, абыр-сабыр елдің аптығын әрең басқан еді.
Ал енді Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай ақпараттық кеңістігін құру мәселесі деген қайдан шықты? Бұған, тіпті мамандардың өзі аң-таң. Өйткені экономикалық одақ құжаттары идеологиямен тығыз байланысты мұндай саяси мәселені мүлде қарастырмайтын көрінеді.
Әзірге, біз бұл мәселеге қатысты қандай да бір ресми мәлімдеме немесе түсініктемені ести қоймадық. Сондықтан бұл жайттың анық-қанығын білу мақсатында kaz.365info.kz отандық мамандар пікіріне жүгінуді жөн көрді.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали ЕАЭО-ның бірыңғай ақпараттық қауіпсіздігі құрылатын болса, онда Қазақстан үлкен үш қауіп-қатерге бас тігеді деп есептейді.
Біріншіден, бірыңғай ақпараттық кеңістік заңы аясында қоғамда өткір пікір айтып жүргендердің тізімі жасалып, олар қуғын-сүргінге ұшырауы мүмкін. Санаға жалған идея мен идеологияны тықпалап, нығыздаушы, сөйтіп қоғамды мәңгүрт етуші «зомби» БАҚ қарқынды жұмыс істей бастайды.
Екіншіден, Қазақстан санкцияға ілінуі мүмкін. Бірыңғай ақпараттық кеңістік құру — таза саяси мәселе. Оның Батысқа ұнамасы анық. Осыған дейін Батыс Қазақстанға ескерту жасаумен шектеліп келді. Ал бұл ретте олар айылын тарта қоймайды. Осы жағынан алғанда, Ресей секілді Қазақстанның да Батыс санкциясына іліну қаупі бар.
Үшіншіден, Ресей тарапынан рейдерлік күшеюі ықтимал. Олар қазір санкциядан әбден әлсіреп қалды. Сондықтан Мәскеу міндетті түрде «одақтастарын» қаржылық жағынан демеу бер деп қолқалайды. Ал бірыңғай ақпараттық кеңістікті құру туралы заң біздегі ақпарат саласының табысына емін-еркін қол салуға жол береді.
— Қазақстанға санкция салынатын болса, одан жалақыдан келесі жалақысына әрең жетіп отырған қазақстандықтардың қатты зардап шеге қоюы екіталай. Мұндайда қомақты ақшасы, көп жекеменшігі, ірі капиталы барларға тықыр таянады. Яғни, саяси элита мен олармен ауыз жаласқандарға қиын болады. Әзірге, олар бұл мәселенің тереңіне үңілмей отыр. Әркім өз қарақан басын ойлауда. «Ананы ілсе де мені іліп кетпейтін шығар» деген пендешілік ойдан олар аса алмай отыр. Бірақ санкция ешқайсысын аямайды. Мүмкін, соны түсінгенде
біздің саяси элита қалт қимыл жасап, ЕАЭО-ның бірыңғай ақпараттық кеңістігінің құрылуына жол бермеу үшін жанталасатын шығар.
Бірақ барлығы кеш болып кетіп жүрмесін, – дейді саясаттанушы.
Әзімбай Ғали мырза айтқан пікірлерді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да белгілі бір деңгейде қолдайды. Оның пікірінше, Путиннің бұл ұсынысы қабылданса, онда қазақ тілінің жайы әдірем қалады.
Ол өзінің Фейсбуктегі жазбасында «Бірыңғай ақпараттық кеңістік дегеніміз не?» деп сауал қояды.
«Ол БАҚ-қа лицензия беріп, оны алып қоятын бір орган; әлеуметтік желілер де енетін БАҚ туралы бірыңғай заңнама. Мәселен, Ресейде блогерлер мәртебесі БАҚ-пен теңестірілген. Демек, біздің барлығымызды бір орган қадағалайтын болады, әлеуметтік желідегі жарияланым үшін бірыңғай жауапкершілік талап етіледі.
Бірыңғай тілдік реттеу болады, мұндайда қазақ тілінің жайын ұмыта беру керек.
Ресейлік БАҚ өзінің көлемі жағынан біздікін жұта салады, онымен бірге жарнама ақшалары да кете барады. Міне, бізден «одақтастардың» қалайтыны осы. Ең бастысы, ЕАЭО – экономикалық одақ. Онда бұл араға ақпараттық қауіпсіздіктің не қатысы бар?», деп ол өз сауалына жауап жазады.
Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов те Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай ақпараттық кеңістігі болмауы тиіс деп санайды.
— Өйткені, біріншіден — ЕАЭО-ның қалыбы экономикалық интеграциямен соғылған, ал бірыңғай ақпараттық кеңістіктің қалыбы – ақпараттық интеграция. Екіншіден, ЕАЭО туралы келісімде ақпараттық және бірыңғай ақпараттық кеңістік саласындағы интеграция мәселесі қамтылмаған. Үшіншіден, Бірыңғай ақпараттық кеңістікті құру жаңа келісімшарттың жасалуын талап етеді. Төртіншіден, бірыңғай ақпараттық кеңістікті құру – саяси интеграцияға қарай жасалған қадам. Ол ЕАЭО құрамына енетін егемен мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін және ақпараттық тәуелсіздігін жою үшін жағдайлар жасайды, — дейді ғалым.
31-маусымда Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің отырысы өткенін айта кетелік. Оған осы одаққа мүше — Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Армения мемлекеттерінің басшылары қатысты. Кеңес отырысында РФ президенті Владимир Путин ЕАЭО-ның бірыңғай ақпараттық кеңістігін құру мәселесін көтерді.