Оңтүстікте су тасқыны 200-ден астам жылқыны ағызып әкетті

380 просмотров

Таскешу ауылында төтенше жағдай. Төтеннен жауған жауын соңы бұршаққа ұласып, жайылымдағы төрт түлік мал зардап шекті. Нөсер жауын қыр астындағы 200-ден астам жылқыны ағызып әкеткен дейді ауыл тұрғындары. Бұл туралы «Отырар» сайты хабарлайды.

Құйындата жауған жаңбыр суы арық-атыздан тасып ағып, ауыл маңындағы су қоймасына құйған. Соның салдарынан 30-ға жуық жылқы суға тұншығып қалыпты. Сондай-ақ, сиыр мен ұсақ мал да су астында қалған.

Жан-жаққа хабар берген ауылдықтар суға кеткен түлігін түгендеп жатыр. Ал құтқарушылар қайықпен жүзіп, тоғанның бетінде қалқыған жануарлардың денесін жағаға шығаруда.

Оқиға орнына Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжан бастаған билік өкілдері келді. Әкімнің айтуынша, шығынның көлемін Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлерінен құралған комиссия анықтауда.

 

Әзірге мал иелеріне өтем бола ма, жоқ па, белгісіз. Оны комиссия мүшелері әбден зерделеп, анықтап барып шешеді дейді аудан басшылығы. Бұған қоса Ынтымақ көшесінде үш үйдің сарайы су астында қалды. Қатты нөсер елдімекендегі ағаштарды құлатып, газ құбырын да қиратып кеткен.

Taskeshu-1

Taskeshu-3

Загрузка...