ҚР Премьер-Министрі бүгін Ұлан-Батыр қаласында өтетін АСЕМ-нің XI саммитіне қатысу үшін Моңғолияға келді. Ресми жұмыс сапары кезінде Үкімет басшысы су тасқынынан зардап шеккен Баян-Өлгей аймағында болып, жергілікті халықпен кездесті, мәдени орындарын аралап көрді.
Кәрім Мәсімов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет Баян Өлгей қаласындағы селден зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсететінін атап өтті.
Премьер-Министр жақын күндері көрсетілетін қолдау қандастарымызға табиғи апат салдарын жоюға жәрдемдеседі деген үмітін білдірді.
Үкімет басшысы қазақ диаспорасы алдында қазақша сөйледі, бірақ оны алдындағы қағазынан оқып берген.
Сонымен қатар Үкімет басшысы осы Баян-Өлгей аймағындағы өлкетану мұражайында болды.
Аймақта мәдени сала жергілікті қазақ диаспорасының арқасында дамып отыр – аймақта қазақ драма театры жұмыс істейді, жыл сайын Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтіп, бүркітшілер арасында жарыстар ұйымдастырылады.
Осыған орай, өлкетану мұражайының экспозициялары да жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне арналған. Мұражай 1948 жылы құрылған. Қазіргі кезде ондағы қорда 5200-ден астам экспонат бар.
Мұражайды аралаған Кәрім Мәсімов мұндағы экспозициялармен танысып, оның басшылығымен, жергілікті қазақ зиялыларының өкілдерімен әңгімелесті.
Жыл сайын бұл мұражайға 10 мыңнан астам тұрғындар мен туристер келеді екен.
Еске салайық, Моңғолияның Баян Өлгей қаласында 10-шілде күні сел жүріп, салдарынан тұрғын үйлер қирап, су астында қалды.
https://www.youtube.com/watch?v=eaGqXUrKzQk