Ислам Кәрімов дүниеден өткеннен кейін ресми Ташкент көршілерімен қарым-қатынасты түзетуге білек сыбана кірісті.
Соңғы айларда Өзбекстан көршілерімен келіссөздер жүргізуді белсенді түрде қолға алып, арадағы қарым-қатынасқа келтіріп, біраз жылдардан бері қордаланған мәселелерді шешуге бел шеше кірісті. Әзірге, Ташкент Бішкекпен табысты диалог жүргізуде: қазірдің өзінде екі ел үкіметтік делегациялармен алмасып, шекараны анықтау және белгілеу жөніндегі комиссияның жұмысы жанданып, ал шекара маңындағы облыстар әріптестік туралы меморандумға қол қойып үлгерген.
Өзбекстанның жаңа ұмтылыстары мен қауіптері туралы Орта Азия бойынша сарапшы тарих ғылымдарының кандидаты Александр Шустов әңгімелейді.
— Неліктен ресми Ташкент көрші елдермен қарым-қатынасын реттеп, дұрыстауға бел шеше кірісті деп ойлайсыз?
— Бұл жерде көп дүние басшының тұлғалық қасиеттеріне байланысты.
Мирзиёев көрші елдермен тату болғанды қалайды, олармен араздасуға құлықты емес
Оның үстіне, сайлау алдында ол өзінің қол жеткізген жетістіктерін көрсеткенді жөн санайды. Осы орайда, көршілес орталық азиялық республикалармен қарым-қатынаста жылдам жетістіктерге қол жеткізуге болады. Шекаралық тәртіпті жеңілдету екі ел азаматарына да тиімді, көп ретте көрші республикада олардың туыстары тұрады.
Оның үстіне, Орталық Азия – тез көтерілетін аймақ, шекара маңындағы мәселелерді шешу және реттеу тұрақтылықтың нығаюына әсер етеді, ал одан аймақтың барлық елдері ұтатын болады. Мұның барлығы, Шавкат Мирзиёевтың жағымды келбетін қалыптастыруға әсер етіп, оның танымалдығын арттырады.
— Өзбек-тәжік қарым-қатынасына Рогун ГЭС-і құрылысының басталуы қалай әсер етпек?
— Бұл жақсы нышан емес. Өзбекстан билігі соңғы уақытта қарым-қатынастарды реттеп, дұрыстауға құлықтылық танытқанмен, трансшекаралық өзендердің ресурстарын пайдалану мәселесі екі ел арасындағы қатынастағы басымды бағыт болып қала бермек. Өзбекстанның Амудәрия өзеніне тәуелділігі өте жоғары. Рогун ГЭС-і құрылысының басталуымен елге келетін су мөлшерінің шектелуі екі елдің қарым-қатынасын ғасыр басындағы және 2010 жылдардағы деңгейге дейін түсіріп жіберуі мүмкін. Ал ол кезде Өзбекстан мен Тәжікстан арасында қырғиқабақ соғысы жүріп жатқан еді.
— Рогун ГЭС-і бойынша Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы мәселе неден туындап отры, тараптар бір біріне қандай наразылықтар білдіруде?
— Екі ел арасындағы қиындықтар мен өзара наразылықтар ежелден белгілі, оларды екі тарап өздерінің ресми мәлімдемелері мен баспасөздегі жарияланымдарында талай рет атап көрсеткен. Тәжікстанға электр энергиясы қажет, ол оны өз қажетіне жаратып қана қоймай, сондай-ақ экспортқа шығармақшы. Ал Өзбекстан елге келетін суармалы суға өте тәуелді. ГЭС-ті салып алғаннан кейін Душанбе Вахштың ағысын реттеуге қол жеткізеді, ал бұл ықпал етудің мықты құралы болмақ.
Ташкент „су тетігінің„ көмегімен жасалуы мүмкін қысымның саяси салдарларынан ғана емес,
сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы дағдарыстан және соның салдарынан орын алуы мүмкін әлеуметтік толқулардың орын алуы мүмкіндігінен қауіптеніп отыр.
Оның үстіне, аймақтағы экологиялық жүйе де өте әлжуаз, өйткені кеңес кезеңіндегі „социализмнің ұлы құрылыстарынан„ қатты жапа шеккен. Оның одан ары қарай құлдырауы әлеуметтік шиеленіс тудыруы әбден мүмкін. Мұндай тығырықтан шығудың жалғыз жолы — келіссөздер жүргізіп, олардың барысында екі тарапқа да тиімді шешім табу.
Дереккөзі: putniksnews-uz.com