Мемлекеттік тілді қорлаған Centercredit банк қатесін мойындап, баршадан кешірім сұрады

3 029 просмотров

Кеше әлеуметтік желіде  Centercredit банктің сауатсыз әрі ана тілімізді масқаралаған қазақша түбіртегі пайда болған еді. Ол әлеуметтік желіні қолданушылардың ашу-ызасын туғызып, бұл ретте, біздің медиа-портал мемлекеттік тілді аяқ-асты еткен банктің осы сорақы қылығын қазақ халқын басыну деп тауып, мәселе көтерген-ді.

Facebook желісінде пайда болған мына бір түбіршектің берілген уақыты деген жерде 24.08.2016 деп тұр. Демек, оның алынғанына — бүгінмен екінші күн. Ары қарай оқылық. Одан кейінгісі мүлде түсініксіз сөздер.

Тек соңғы екі сөйлемнен бірнәрсе аңғарғандай боласыз: «Чекті сиктиңыз!», яғни чекті сақтаңыз дегісі келгені ғой, ал рахметтің орнында „Шихмет„ деген сөз тұр. Оны оқығанда, қолыңыздағы чекке, құдды жан бітіп, жырқылдап, өзіңізді мазақ етіп тұрғандай әсерде болады екенсіз. Расында, бұл мазақ емей, немене?…

Қаржылық әлеуеті шектеулі шағын бір фирма болса, жарайды, түрлі деңгейде менеджер, маркетинг сынды жандайшаптары, түрлі деңгейде қадағалаушылары бар еліміздегі алдыңғы қатардағы банктің бұлайша қателесуі мүмкін бе?.. Әлде олар мұны қасақана жасап отыр ма?..

Тіпті, бұл басқа тілде шығар деп өз-өзімізді алдауқыратып та көргіміз келген. Бірақ банк чегіндегі шатпақ мүлде еш тілге жақындамайды да. Ақыры, ашықтан-ашық қазақтарды қорлаған, өзі жұмыс істеп, ақша тауып отырған мемлекеттің ана тілін аяқ-асты еткен банк бұл жайтқа БАҚ арқылы жауап беруі керек, ал қоғамда үлкен дау туғызып, көптің құқығын таптап, ар-ожданына тиген бұл мәселенің құзырлы орындар анық-қанығын біліп, банкті жауапқа тартады деп есептейміз деп салып едік.

Осы мақала жарияланған күні кешкісін-ақ банк бұл мәселеге қысқа да нұсқа жауап қатты.

— Бұл жағдайға байланысты кешірім сұраймыз. Банк мамандары бұл мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатыр. Қате түзетіледі.

Техникалық ақаудың себебі анықталады, — депті Tengrinews.kz агенттігіне түсініктеме берген аталған банктің өкілі Ерлан Садықов.

Біз өз кезегімізде мемлекеттік тілді қорлауға қатысты бұл факті өзгелерге сабақ болып, енді мұндай масқараға ешбір мекеме, тіпті, жеке тұлға жол бермесе екен деп тілейміз. Иә, біз мемлекеттік тіл мәртебесінің өз деңгейінде сақталуын үнемі қадағалап отыратындығымызды барлығының есіне сала кеткіміз келеді.

Еске салу демекші, бірер ай бұрын, біздің медиа порталда „Сұмдық қой мынау! Алматыдағы көз ауруларын зерттеу институты қазақты масқара етуде„ деген атаумен мақала жарық көрді. Ол кезде Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институтының күндізгі стационары қабырғасында ілінген стендтегі мемлекеттік рәміздер туралы ақпаратта өріп жүрген қателерді әшкерелеген болатынбыз.

Араға көп уақыт салмай, мекеме атынан кешірім сұраған институт басшылығынан, аталған жайтты түзеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандығы туралы хат алған едік.

Загрузка...