Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Мемлекет зейнетақы ақшасын халыққа таратып берсін” – экономист

Мұндай ұсынысты зейнетақы ақшасының белгілі бір бөлігі EXPO көрмесі нысандарының құрылысына жұмсалатындығы жайлы белгілі болған соң, экономист Азамат Жолдасбеков Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

Ол ашық және анық ақпарат берген Қазақстан Даму банкіне алғысы шексіз екенін айтады.

Бірер күн бұрын Интерфакс-Қазақстан ақпарат агенттігі өз құнды қағаздарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына сатып, тапқан ақшасын қалай пайдаланатынын сұрап, Қазақстан Даму банкіне арнайы сауал жолдаған. Алынған жауап мынандай: зейнетақы қорынан алынған 117,5 млрд теңгенің

– 85,0 млрд теңгесі банкаралық несиелендіру арқылы жеке кәсіпкерлік пен қайта өңдеуші өнеркәсіп субъектілері айналымындағы капиталын толықтыруға;

– 17,5 млрд теңгесі „ҚДБ-Лизинг„ АҚ арқылы отандық вагондар өндірісі лизингісін қаржыландыруға;

– 15,0 млрд теңгесі Астана қаласындағы EXPO-2017 көрмесі территориясындағы нысандар құрылысын қаржыландыруға бағытталмақ.

Демек, Қазақстан Даму банкі мынандай құнды қағаздар шығарады:

– 85,0 млрд теңге: BRKZb7, сыйақы мөлшерлемесі көрсетілмеген, жабу мерзімі – 2017 жыл;

– 17,5 млрд теңге: BRKZb5, жылдық сыйақы мөлшерлемесі — 14,0 пайыз, қарызды жабу мерзімі – 2026 жыл;

– 15,0 млрд теңге: BRKZb6, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 15,0 пайыз, қарызды жабу мерзімі — 2031 жыл.

„Астанадағы жылжымайтын мүлік саудасының жуық арада көрігі қыза қоятынын байқап отырғаным жоқ.

Сондықтан ерте ме, кеш пе 15,0 млрд теңге банктің жұмыс істемейтін несиелер қоржынынан (NPL) бір-ақ шығады. Мұндайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алдындағы міндеттемесін жүзеге асыру үшін, ақыры Қазақстан даму банкі қосымша тағы ақша тартып, борышын қайта қаржыландыруы мүмкін.

Ал қазақстандықтардың зейнетақы жинағы өз-өзін ақтамайтын жобалар мен өспейтін активтерге инвестицияланып қойғандықтан қайта қаржыландыру қаупі, тіптен қоюлана түседі.

Сағыздай созып, бұлтаңдап, түлкі бұлаңға салмай, мүмкін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақты мемлекеттің меншігіне жекешелендіруді жариялау керек шығар, яғни қартайғанда одан ешкім үміт артпайтындай.

Не болмаса, бір талаппен зейнетақы жинақтарын халыққа таратып берейік. Халық бұл жинағын тиімді қаржы құралдарына инвестициялау үшін заңды жекеменшік басқарушы компанияларды өзі таңдасын„ деп жазады әлеуметтік желіде экономист Азамат Жолдасбеков.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз