Маңғыстау облысында орын алған жантүршігерлік апат салдарынан зардап шеккен барлық төрт балаға медициналық ем тағайындалды.
Ақтауға түнделетіп Астанадан жеткен дәрігерлер диагноз қойып, ем тағайындады деп хабарлады ҚазАқпарат.
Еске салсақ, кеше вокзалға барар жолда жас спортшылар мен олардың бапкері жол апатына ұшырады. Олар шұғыл балалар ауруханасына жеткізілді. Апат салдарынан көліктердің бірінің жүргізушісі мен 13 жастағы ер бала оқиға орнында көз жұмды.
Бас дәрігер Кәмшат Тұрсынбекова бір баланың жағдайы өте ауыр екенін айтты.
«14 жастағы баланың жарақаты күрделі – ашық ми жарақаты, миында ісік бар. Жағдайы ауыр, ота жасауды қажет етпейді. Мұны Астанадан келген нейрохирург айтты. Ал 7, 11 жастағы екі балаға ота жасалды. Олар қазір естерін жиды», – деп атап өтті ол.
Еске салсақ, апат жайлы белгілі болысымен балалар ауруханаға жеткізілді. Облыс әкімі Алик Айдарханов медициналық мекемеде болды. Қажетті көмек беруге уәде берді, оның ішінде елордалық дәрігерлерді шақыртты.