Маңғыстау облысында жарысқа балаларды апара жатқан көлік апатқа ұшырады

63 просмотров

Қайтыс болып, зардап шеккендер бар. Үш бала аурухананың жан сақтау бөліміне, тағы біреуі травматология бөліміне жеткізілді.

Ақтау-Жетібай трассасында дзюдодан жарысқа бара жатқан балалар мінген көлік апатқа ұшырап, төрт жеткіншек ауруханаға жеткізілді, ал тағы бір бала мен көлік жүргізушісі апат орнында көз жұмды.

Облыс әкімі Алик Айдарбаев балалар ауруханасында болып, өзінен қажетті көмекті аямайтынын айтты деп хабарлады «Лада» басылымы.

Ауруханаға жеткен әкімге балалардың ата-аналары тап беріп: «Балаларымыз жарысқа неге таксимен баруы керек? Ақтау-Жетібай трассасы қашан жөндеуден өтеді, бұл апатқа ұшыраған нешінші көлік» деп шуласты.

— Біз тексереміз. Балалар неге таксиге мінген? Егер қандай да бір мамандар керек болса, біз шақыртамыз. қандай көмек керек болса, соның барлығын қамтимыз, — деді Алик Айдарбаев.

Кеше сағат 11.30 шамасында Ақтау-Жетібай-Жаңөозен республикалық маңыздағы жол бойының 33 шақырымында Lada Largus пен Toyota Fortuner маркасындағы көліктер соқтығысты. Бірінші көлікте Астанаға жарысқа бару үшін Маңғышлақ стансасына бет алған балалар болған.

— Lada Largus көлігінің 45 жастағы жүргізушісі Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен трассасының 33/112 шақырымында жолдың қарсы бетіне шығып, 41 жастағы Маңғыстау облысының тұрғыны тізгіндеген Toyota Fortuner көлігімен соқтығысқан.

Апат орнында алған ауыр жарақаты салдарынан Lada Largus көлігінің жүргізушісі мен оның ішіндегі 13 жастағы жеткіншек көз жұмды. Тағы жеті адам түрлі дене жарақаттарына байланысты ауруханаға жеткізілді, — деді Маңғыстау облысының ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметіндегілер.

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Кәмшат Тұрсынбекованың айтуынша, үш бала жан сақтау бөлімінде, тағы біреуі травматология бөлімінде жатыр. Төртеуінің де жағдайы ауыр деп бағаланған.

— Жан сақтау бөліміне жеткізілген үш баланың екеуіне ота жасалды. Екеуінің де ішіне қатты зақым келіп, көкбауыры жарақаттанған. Біреуінің көкбауырын алып тастадық. Екіншісінікін сақтауға тырысып, қанды тоқтату үшін гемостатикалық дәке салып қойдық. Үшінші бала жасанды дем алу құрылғысына қосылды. Оның бас сүйегі сынып кеткен, басына қан кету бар, — деді бас дәрігер.

Облыс әкімі балалардың ата-аналарына Ақтауға республикалық орталықтардан білікті дәрігерлерді алдыртамын деп уәде етті.

Загрузка...