М. Тайжан: Жер мәселесін ата-бабаларымыз секілді ақылменен талқылайық

77 просмотров

Жер реформасына қатысты туындаған дау-дамайды ақылмен, сабырлылықпен шешу керек. Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында экономика ғылымдарының кандидаты, комиссияның мүшесі Мұхтар Тайжан осылай пікір білдірді.

«Біздің ауыл шаруаларының қолынан барлығы келеді. Оларға тек мүмкіндік керек деп ойлаймын. Президент өте дұрыс айтып кетті, бізге халыққа ұнаймайтын заң керек емес. Ал халық соңғы үш-төрт аптада өзінің нақты ұстанымын жеткізді. Халқымыз шетелдіктерге жерді жалға беруге де, сатуға да қарсы. Біздің міндетіміз — халықтың ұстанымын, талабын орындау. Осында елдің игі жақсылары отыр, академиктер, депутаттар, халық қалаулылары, үкіметтің өкілдері бар. Бірақ ешкім мен халықтан биікпін деп айта алмайды. Сондықтан халықтың ойы осындай болса, біз оны орындауымыз керек. Халық неге митингке шығады, ол амалсыздықтан ғой. Өйткені шенеуніктерден тыңдайтын құлақ болған жоқ, өкінішке орай. Амал жоқтан шықтық қой. Енді билік есігін ашып отыр», — деді ол бүгін Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында.

М.Тайжан қоғам арасында үлкен түсінбеушілік тудырған заң жобасына қатысты мәселені ортақ мәміле қабылдау арқылы шешу керектігін де тілге тиек етті.

«Мына мәселені ақылмен, сабырмен шешу керек. Басқа да мәселелер бар. Комиссия отырысы — жақсы үрдістің басы ғана деп ойлаймын. Әрі қарай үш тұғырлы тіл, ары қарай қазақтың тарихы бар. Осыны ата-бабаларымыз секілді ақылменен талқылайық, бір шешімге келейік. Қазір жерді 25 жылға жалға беру туралы заң қабылданды. Халқымыз оған қарсы, 25 жылға да, он жылға да, бес жылға да берілуіне қарсы. Біз бұл заңды өзгерту керек деп ойлаймыз. Осыны талқылайтын жұмыс тобына кіруге дайынмын. Барлық 75 адам осы қара жұмысты атқара алмайды. Мен Астанада қалып, қанша уақыт қажет болса, сонша жұмыс істеуге дайынмын. Адамдар митингке шықпаса, біз осында отырмас едік. Олар көшеге шығып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Комиссия құрғандарға алғыс білдіреміз, осындай комиссия керек», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін Астанада Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы өтуде. Комиссия ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Бұның алдында, Мемлекет Басшысы халық арасында дау тудырған Жер кодексінің бірқатар түзетулеріне мораторий жариялаған.

Комиссия төрағасы болып ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, оның екі орынбасары — «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен екінші орынбасары (келісім бойынша) «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы, қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіров болып бекітілді.

Айта кетейік, жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та комиссия құрамында.

Сонымен қатар, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов (келісім бойынша), «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова (келісім бойынша), саясаттанушы Айдос Сарым (келісім бойынша) Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан (келісім бойынша), Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай (келісім бойынша), «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов (келісім бойынша) және тағы басқа адамдар комиссия құрамына енді.

Загрузка...