ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзін «откат» алды деп айыптаған кинорежиссер Талғат Жәнібековті сотқа берді.
Бұл туралы «NewTimes.kz» порталына берген сұхбатында министрдің қорғаушысы Ескендір Әлімбаев мәлімдеді.
– 2016 жылдың 19 шілдесінде Мұхамедиұлы сотқа шағымданды және өзінің ар-ожданы мен іскерлік репутациясын қорғауды талап етті. Министр бұған дейін айтылған әңгімені жоққа шығарып, моральдық залал келтіргені үшін айыпталушыдан 1 теңге көлемінде символикалық өтемақы беруін талап етті, — дейді адвокат.
Алдында сот процесінде Арыстанбек Мұхамедиұлының мүддесін адвокат Ескендір Әлімбаев қорғайды деп мәлімделген болатын. Ол сол кезде даулы іске қатысты бірінші рет ресми мәлімдеме жасаған еді.
Ескендір Әлімбаевтің айтуынша, Жәнібековтің БАҚ беттерінде жариялаған бейнеүндеуінде ҚР билігіне де кір келтірілген. Ол билік өкілдерін Мұхамедиұлының заңсыз әрекеттеріне көз жұма қарап отыр деп айыптайды.
«Жәнібеков таратқан роликте айтылған Қазақстан Республикасының билігі, Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туралы деректер шындыққа жанаспайды», — дейді Әлімбаев.
Естеріңізге салайық, режиссер Талғат Жәнібеков осыдан бірнеше күн бұрын Мәдениет министрін «откат» сұрады деп айыптап, БАҚ өкілдері арқылы бейнеүндеу жариялаған еді. Ол өзінің «Феникс» фильмін соңына дейін түсіріп бітіруге Мұхамедиұлының кедергі келтіріп отырғанын ашық айтқан.