Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Үкімет неге Алаш арыстарын «ұмытып» кеткісі келеді?

345

1918 жылы Әзербайжан демократиялық республикасы құрылып, өздерінің туы мен елтаңбасын және де әнұранын бекітіп, парламенттік басқару жүйесін таңдап алған болатын. Өкінішке қарай, 1920 жылғы 28-сәуірде Қызыл армия Бакуге басып кірген соң Әзербайжан демократиялық республикасы өмір сүруін тоқтатты.

20140528_122550Ал Армения 1918 жылғы 28-мамырда Закавказье демократиялық федеративтік республикасынан бөлініп шығып, өзінің тәуелсіздігін жариялады. Әйтсе де 1920 жылғы 2-желтоқсанда премьер-министр Симон Врацян басқарған үкіметті Кеңес үкіметі күштеп таратып жібереді.

Бүгінде әзірбайжандар мен армяндар өздері үшін қасиетті саналатын күнді – Республика күні ретінде жоғары деңгейде атап өтіп жүр. Тіпті, әзірбайжандар 28-мамырды Ұлттық Құтқару күні деп те есептейді. Өйткені олар 1918 жылы құрылған мемлекеттің ұлт тарихындағы мән-мағынасын, маңызын жақсы түсінеді.

Бір қызығы, біздің елімізде де Ұлттық Құтқару күні болуға тиісті айрықша даталар жетерлік. Мәселен, 1917 жылғы 5-13-желтоқсан аралығында Орынбор қаласында ІІ-жалпықазақ құрылтайы өтіп, Алашорда мемлекеті жарияланған болатын. Сондықтан да 13-желтоқсанды Республика күні ретінде атап өтуге болар еді. Алайда алаштанушы Мәмбет Қойгелді

45

Мәмбет Қойгелді

«Ел үкіметі әлі күнге дейін алаш арыстарына салқын қарап келеді»

деген пікірде.

– Әзірбайжандар мен армяндардың 28-мамырды Республика күні ретінде атап өтуі тарихи тұрғыдан алғанда, негізді және дұрыс болып саналады. Өйткені олар бүгінгі Тәуелсіз елді 1918 жылы құрылған мемлекеттің тарихи жалғасы ретінде бағалап отыр. Бізде әзірбайжандар мен армяндар сияқты 13-желтоқсанды Республика күні ретінде атап өтуіміз керек еді. Себебі 1917 жылғы 5-13-жетоқсан аралығында Орынборда ІІ-жалпықазақ құрылтайы өтіп, Алашорда мемлекеті жарияланды. Ал 1991 жылы құрылған тәуелсіз Қазақ мемлекеті 99 жыл бұрын жарияланған Алашорда мемлекетінің тарихи жалғасы болып саналады – 1991 жылы Тәуелсіздік  бізге аспаннан келіп түскен жоқ, – дейді Мәмбет Қойгелді.

Шыны керек, қазір, өкінішке қарай, жастар түгіл, біздің өзіміз Алашорда мемлекетін қоғамдық ұйым, ары кетсе, қоғамдық қозғалыс ретінде ғана бағалап жүрміз. Алайда Әлихан Бөкейхан Алашорда үкіметінің премьер-министрі болды. Бұл дегеніңіз, Алашорда мемлекетінің өз тізгіні өз қолында болғанын білдіреді.

Десек те біз алаштанушыға «Алашорда мемлекетінің саяси салмағы әзірбайжан мен армяндар құрған мемлекеттен төмен болған ба?» деген сұрақ қойдық.

– Алашорда мемлекетінің саяси салмағы әзірбайжандар мен армяндар жариялаған мемлекеттен жоғары болмаса, еш кем болған жоқ. Мәселен, Алашорда үкіметінің министрлер кабинетінің 15 мүшесі болды. Міне, осы 15 адамның 14-і университет бітірген, жоғары білімді азаматтар болатын. Тек Отыншы Әлжан ғана мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірді. Бұл деген сөз алаш арыстары интеллектуалдық жағынан өз замандастарынан әлдеқайда жоғары болғанын білдіреді.
Айталық, олар Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін жариялау арқылы большевиктерге қазақ халқының Тәуелсіз ел ретінде өмір сүруге құқығы бар екенін дәледеді. Егер Алашорда мемлекеті құрылмағанда, Қазақ елінің шекарасын Кеңес үкіметі заңдастырып, оны мойындамаған болар еді. Сондықтан Алашорда мемлекетінің ұлт тарихындағы тарихи орны орасан, – дейді тарихшы.

Сөз соңында, Мәмбет Қойгелді 1917 жылы құрылған мемлекетті Алашорда Республикасы деп атауымыз керек екенін мәлімдеді. Өйткені алаш зиялылары Алаш партиясының бағдарламасында республикалық басқаруды қабылдаған болатын. Сол себепті тарихшы

«Парламент 1991 жылы жарияланған Тәуелсіз Қазақ елін Алашорда мемлекетінің тарихи жалғасы ретінде мойындап, арнайы құжат қабылдауы керек»

деген пікірде.

Егер аталған құжат қабылданатын болса, біз де әзірбайжан мен армяндар сияқты Алашорда мемлекетінің құрылған күнді еліміздің бас мерекелерінің бірі – Республика күні ретінде атап өтер едік. Өйткені осыдан 7 жыл бұрын 25 қазан – Республика күнін мерекелік даталардан алып тастаған болатынбыз. Осы олқылық әлі күнге дейін сезіліп тұр.

3780a8d2777cdaaef4d7442714ee8c67

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз