Өзін – өзі өртеген Шымкенттік кәсіпкер Нүркен Айнабековтың жұбайы оны бұл қадамға итерген бірнеше дөкейдің атын атады. Өз өмірін қиюға қалайша барды, деген сұрақтың жауабын жайып салған Айнұр Айнабекова әділдік жолында өзін құрбан еткен азаматына күйе жаққандар еліміз бен өңірдің белді шенеуніктері, деп қадап айтты. Өмір мен өлімнің арасында жатқан күйеуі мемлекеттік тендермен байланысқалы өмірі тозаққа айналды, дейді ол.
Осылайша өз қаражатын құрылысқа салған азамат, қарызға белшеден батады. Талан-тараж болған мемлекет қаржысы қолына түспегені былай тұрсын, ол құрылыс материалдарын әкім қаралардың жеке үйлеріне тасып шаршаған. Бұл туралы ол сот барысында айтқан еді. (Біз жазғанбыз ) Кәсіпкер сол кездегі облыс әкімшілігінің шаруашылық басқармасын басқарған Жамбыл Байғоновты сотқа беріп, жеңіп шықты. Сот үкімімімен, шенеунік 5 жылға қамалып, Айнабековке 31 миллион теңге қайтаруы тиіс. Сот үкімінен кейін Нүркен Айнабеков бұл жеңісінің оңайлықпен келмегенін, оның арты қудалауға ұласуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Мемлекеттік тендердегі былықтардың бетін ашуға бекінген кәсіпкер, шынымен өзі сезгендей ашық қудалауға түскен, дейді жұбайы Айнұр Айнабекова. ОҚО ІІД тергеушісі Алтынай Жолымбетованың қарауындағы істе, мемлекеттік тапсырыспен жасалған құрылыстардағы қылмыстарын дәлелдейтін құжаттар із-түссіз жоғалып кеткен екен. Нәтижесінде Жолымбетованың өзі тергеліп, кейін іс тоқтап қалды, дейді Айнұр Айнабекова.
Облыс прокуратурасының алдында өз-өзін өртеп жіберген Нүркен Айнабековке қатысты сол күні ресми ақпарат тарады. Онда Айнабековтың үстінен ҚР ҚК 4 бабы бойынша (алаяқтық, құжаттарды қолдан жасау, жала жабу, сөз тасу) іс қозғалған. Іс сотқа жолданған, делінген.
– Онымен күресіп әлек болғанша, қамай салуды оңай көрген шенділер ақыры соттап тынбақ еді. 12 желтоқсан күні бірінші сот отырысы болды. Сот 22-не қалдырылды. Сол күні ол өзін өлімге қиды. Өйткені билікпен күрестің әділ болмайтынына көзі жетті. Құзырлы органдар оның ісін бір-біріне ысырып тастады. Өз қолдарында тұрған соң, істі біресе жауып тастап, біресе Нүркенді қамап тастады. Ол тоғыз күн қамауда отырды. Мемлекет қаржысының қолды болып жатқанын дәлелдемек болған күйеуімнің түрмеге қамалуы бәріне тиімді еді. Оқиға болған күні ол тіптен күдерін үзген. Бір күн бұрын өткізген баспасөз-жиынында санаулы тілші болған. Олардың өзі жазған жоқ. 22-не ол республикалық телеарнаның тілшісіне барған, оған қысым көрсетіліп, материалды шығара алмайтынын айтыпты. Кейін маған хабарласып, елде әділдіктің жоқтығын айтып, жыларман болды. Қорғаушыға бар деп ем, маған не адвокат не сот көмек бере алмайды, мен шаршадым деді, деп есіне алады Айнұр Айнабекова.
Айтуынша, тығырыққа тірелген азаматтың әрекетіне осы азап түрткі болған. Араға аз уақыт салып, бейтаныс адам хабарласып, күйеуінің прокуратура алдында өзін өртеп жібергенін хабарлаған.
– Мен ешкімге жала жапқым келмейді. Бірақ менің ойымша, күйеуімнің өзіне қол жұмсауына тікелей не жанама жауапты деп облыс әкімінің аппаратының бұрынғы жетекшісі, қазіргі мәжіліс депутаты Байділдә Жылқышиев, облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Сәкен Кенжебаев және оның көмекшісі Мырзахмет Кермібеков. Мемлекеттік тапсырысты уысында ұстаған азаматтар. Сондай-ақ ОҚО ІІД тергеушілері Алтынай Жолымбекова, Бақытжан Сыдықов, Алмат Абидинов пен олардың басшыларын атар едім, дейді Айнұр Айнабекова.
Қазір Айнабековтың отбасын ішкі істер органдарының қызметкерлері күзетуде.
– Нүркенді тығырыққа тірегендер енді қарауылдап жүр бізді. Әр қадамымызды бақылап жүр. Мен Нүркенге күзет қоюды өтініп, арыз жазуым керек екен. Бұл не мазағы? Өмірі қыл үстінде тұрған күйеуімді кімнен қорғау қажет болды? Биліктегілерден бе? Оқиғадан кейін бәрі дүрлігіп кетті. Полиция тамыз, қыркүйек айларының хаттарын жолдапты. Оны Нүркен осы уақытқа дейін табанынан тозып, ала алмай жүрген. Прокуратура көңіл бөліп қалыпты. Сенбі күні кезекті сот. Оған күйеуімнің барары екіталай. Мен енді өзім қолға аламын. Мен тірімін. Күйеуім үшін, үш балам үшін. Оларға «алаяқтың баласы» деген қара күйе жағылмас үшін, – деді Айнұр Айнабекова.
Өліммен күресіп жатқан кәсіпкер 46 жастағы Нүркен Айнабековтың денесінің 60 пайызын күйік шалған. Дәрігерлер оның аман қалуы екіталай дегенді айтады. Дегенмен, бүгін ол жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.