Кәрім Мәсімов кетті. Енді Үкіметті тағы қандай өзгеріс күтіп тұр?

728 просмотров

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Кәрім Мәсімовтің кетуіне сыртқы факторлар әсер еткенін айтады. Ал премьер-министрлікке уақытша тағайындалған  Бақытжан Сағынтаев Парламенттің алдынан өткен соң, осы орында қалады деп санайды ол.

Әзімбай Ғали
Әзімбай Ғали

— Қазір экономикалық қиын-қыстау кезеңде инвесторларды шошытып алмау маңызды. Ал Кәрім Мәсімовтің халықаралық басылымдарында аты аталып,  репутациясын біраз бүлдіріп алғаны белгілі.

Сонымен қатар, Үкіметтің атқара алмаған көп дүниесі де аз емес. Экономикалық көрсеткіштер нашарлап кетті.

Жалпы, биліктің мұнай бағасының енді көтерілмейтініне көзі жетті. Сондықтан ақша тапшылығы қатты болады.

Ал халықаралық қауымдастық көрсеткіші нашар мемлекетке қаржы бөлмейді. Ендеше, Үкіметке есті жиып, жең түріп, іске кірісетін нағыз аласапыран сәт туып тұр. Міне, сондықтан бұл осындай үлкен өзгерістердің алдындағы тактикалық орын ауыстырулар деп білемін, — дейді саясаттанушы.

Бақытжан Сағынтаев премьер-министр болып қалады

Сондай-ақ саясаттанушы уақытша Үкімет басшылығына тағайындалған Бақытжан Сағынтаевтың өз орнын сақтап қалады деп есептейді.

— Оны Елбасы тағайындады. Енді ол заңға сәйкес, Парламенттің алдынан бір өтуі керек. Әрине, Парламент Елбасының таңдауын құптайды, — дейді Әзімбай Ғали.

Бақытжан Сағынтаевтың дәл қазіргі уақытқа керек тұлға екенін баса айтқан саясаттанушы, оның жанына басқа да өз ісін білетін мамандардың топтасатынын болжайды.

— Бақытжан Сағынтаев Кеден Одағын құрудағы барлық құжаттарды әзірлеп, оны қолданысқа енгізгенге дейін қадағалаған болатын. Әрине, мұндай іске өте сауатты адамның таңдап алынатыны белгілі. Иә, ол — аса білікті экономист-практик. Оның маңына Ораз Жандосов сияқты өз саласын  жақсы білетін тағы басқа жігіттер топтасады деп ойлаймын, — дейді ол.

Үкімет отставкаға кеткен жоқ

Дос Көшім
Дос Көшім

Ал саясаттанушы Дос Көшім бүгінгі үкіметтегі өзгерісті Үкіметтің отставкасы деп айтуға болмайтынын айтады.

— Үкімет отставкаға кеткен жоқ. Тек лауазымды тұлғалар бір-бірімен креслосын ғана ауыстырды. Бұл тәжірибеде бар жайт, яғни, Үкімет тарамайды, бірақ белгілі бір лауазымды тұлғалар орнын ауыстырады. Бұл жолы да осылай болды деп ойлаймын, — дейді саясаттанушы.

Еске сала кетелік, бүгін Елбасы Кәрім Мәсімовті премьер-министр қызметінен босатып, оны ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Ал Бақытжан Сағынтаев уақытша премьер-министр болып тағайындалды. Кәрім Мәсімов барған қызметтегі Владимир Жұмақанов ҚР Президентінің кеңесшісі болды.

Загрузка...