Кәрі-құртаң тарихшылардың көзі құрымай, Қазақстан тарихы жасанды боп қала береді!

348 просмотров

Кеңес заманы кезінде тарихшы оңай жазушы бола салатын, немесе жазушы оңай тарихшы бола салатын. Өйткені совет үкіметі тарихқа ғылым деп қарамады. Оны жалған идеологияға негізделген әдебиетпен ботқадай араластырды. Қазір сол кезеңнің тарихшысымақтары тарихты өзгертуге азар да безер қарсы. Себебі ұзақ жылдар еткен еңбектері түкке тұрғысыз екенін мойындауға олар дайын емес.

«Сондықтан совет жүйесінен қалған кәрі-құртаң тарихшылардың көзі құрымай, біздің еліміздің азат тарихы жоқ», деп меңзейді Facebook-тегі жеке парақшасында жас тарихшы Олжас Әбілов.

КСРО-ның бас идеологы
КСРО-ның бас идеологы

— Баяғыда, совет заманы кезінде Суслов деген біреу болған. Ол — совет идеологиясының атасы боп саналады. Бүкіл жазылатын тарих, әдебиет бәрі соның сүзгісінен өтетін.

Большевиктер идеясына сай емес тарих, әдебиет деген нәрселер ол тұста жазылмайтын. Жазыла қалса, авторы қудаланып итжеккенге айдалып кететін.

Біздің Бекмаханов та Кенесарыны жазамын деп қудаланды. Талай жылға сотталып кетті, қалғаны Сусловқа ұнайтын тарих жазды.

Сусловтың пропагандасы — «Шыңғысхан — моңғол», «Әліби — коммунизм — жақсы, Әлихан — Алаш — жаман» деді. Жаманына тыйым салды. Әлихан, Мағжан, Ахметтер Сусловтың баласы шал болғанда ғана ақталды.

Біздің қазіргі тарих — Суслов жаздырған тарих!

Оны жазғандар — сол кезде Суслов атақ берген профессорлар, докторлар, кандидаттар.

Оларға қазір: «Ау, енді, Сусловтарың жоқ, өзіміздің шынайы тарихты жазайық та, мына қазақ жақсы мен жаманын айырсын, өткеніне баға берсін, өз көзқарасын қалыптастырсын» десең, олар азар — безер болады. Себебі, олар сол кезде Сусловтың нұсқауымен диссертация, том-том кітап, еңбектер жазып қойған. Оны өзгерту деген — оларды профессор, доктор деген атақтан айыру.

Енді біздің жаңа тарих жаңа тарихшылармен жазылмағасын, бала жастан жеті ата, шежіре жаттап өскен қазақ деген халықтың оған деген қызығушылығы басыла ма?

Қазір екі қазақтың біреуі тарихшы. Өзара күнде дау, анау мынаны айтады, мынау ананы айтады. «Біздің тарих» деген ғылымда ешқандай ортақ база, бірізділік деген жоқ.

Жалпы, совет өкіметі тарихты ғылым деп қарамады. Оны әдебиетпен ботқадай араластырды.

Ал тарих деген тек деректерге, фактілерге сүйенетін ғылым ғой. Совет заманы кезінде тарихшы оңай жазушы бола салатын, немесе жазушы оңай тарихшы бола салатын.

Ал енді осыдан кейін олар жазатын тарихтың сапасын өздеріңіз бағамдай беріңіз: оның неше пайызы ойдан құрастырылған, қанша пайызы шын деректерден тұрады деп…

Бұлай болмайды, ағайын.

Жаңа идеологиялық бағытпен біздің жаңа тарих жазылып, өткенімізге өзіміздің көзқараспен дұрыс баға берілу керек!

Бұл — біле білсеңіздер, біздің деколонизацияның, яғни отарсызданудың басы, ең алдымен осыны, істеу керек!

Олжас Әбілов, Facebook-тегі жазбасы

Загрузка...