Халық жерге қатысты заңды шынымен де дұрыс түсінбеген бе?

103 просмотров

Кеше ғана Қазақстанның бірқатар өңірі жерді шетел инвесторларына сатуға келіспейтінін білдіріп, наразылық танытқан-ды. Сол себепті Елбасы жер реформасының бірқатар баптарына бір жылға мораторий енгізді. Ондағы мақсат — халықтың „Жер туралы„ заңнамамен толықтай танысуына мүмкіндік беру. Ал аталған заң жердің шетелдіктерге сатылуын қарастырмайды. Сонда, шындығында, халық заңды дұрыс түсінбегені ме, әлде заңның өзінде олқы тұстар бар ма? Бұл сауалдың жауабын kaz.365 info.kz мамандардың пайымымен жеткізуге тырысты.

2003 жылғы ҚР Парламенті Мәжілісінің «Жер Кодексі» туралы жұмыс тобының мүшесі, жер мәселесіне қатысты бірқатар ғылыми еңбектің авторы — экономика ғылымының докторы Тоқтар Есіркепов бұл арада „Жер туралы„ заңның өзі емес, жалпы, еліміздегі заңнамаларды айналып өтетін тұстардың болуы халықты алаңдатады деп санайды.

Билік жер мәселесінің шешілуіне барынша күш салуы керек

Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымының докторы, профессор:

Тоқтар Есіркепов
Тоқтар Есіркепов

— Халық өз басынан көріп отыр ғой. Ол ешқандай да құпия ақпарат емес. Мысалы, ірі қалаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қала сыртынан бау-бақша қожалықтары үшін бөлінген жер телімі заң бойынша тегін немесе мемлекет белгілеген ақша бойынша арзанға жалға берілуі тиіс. Алайда олардың барлығын біздің әкімдер үстіне бірнеше есе қымбат ақы қосып, жаппай сатты. Осындай даулы мәселеге байланысты бірқатар шенділер қызметінен айырылып, көптеген алаяқтар сотқа да тартылды. Демек, біздегі заңдардың солқылдақ тұстары бар. Бізде заң бойынша өзіне тиесілі тегін дүниеге қол жеткізе алмай жүргендер көп. Ал осы қол жеткізе алмай жүргенді шетелдіктерге береміз деу, әрине, халықты алаңдатады. Сондықтан, алдымен, қазақстандықтардың жер мәселесінің шешілуіне билік барынша күш салуы керек.

Мысалы, жаңадан құрылған жер реформасының кезекті отырысында заң бойынша әрбір қазақстандыққа берілуі тиіс тегін 10 сотыққа қалай қол жеткізуге болатыны талқыланбақшы. Бұл — өте дұрыс шешім. Алдымен әркім заңмен өзіне тиесіліні алсын. Одан кейін, мүмкін, шетелдіктерге жерді жалға беру мәселесін қозғауға болатын шығар…

Қазақ үшін жер — табыстың көзі ғана емес, рухани құндылық, атамекен

Амангелді Айталы
Амангелді Айталы

Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы да „Абай„ порталына берген сұхбатында жер мәселесінің неге қазақ халқының жанына қатты батып отырғанын дәйектермен түсіндіреді.

Амангелді Айталы, философия ғылымдарының докторы, профессор:

— Халықтың барлығын бірдей құнарлы жерге қол жеткізбей тұрғанда жер сатылса, ел ішінде алауыздық тууы мүмкін. Жер сатуға қарсылық атыраулық, қызылордалық, басқа да құнарсыз жерде отырғандардан басталуы түсінікті.

Ғалымның сөзінше, жер қазақтар үшін табыстың көзі ғана емес, рухани құндылық, қазақты қазақ ететін атамекені, ар-намысы. Осы бір өте шетін психология төңірегінде үкімет комиссиясы терең ойланса дейді.

Жер жалға берілсе де, қазақтың құқығы тапталмасын

Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков жуырдағы baq.kz интернет ресурсына берген сұхбатында жердің сатылуына да, оның жалға берілуіне де қарсы емес екенін айта келіп, еліміздегі сыбайлас жемқорлық бұл арада кері фактор рөлін  атқарып кетпей ме деген қорқынышын білдірген.

Сондықтан ғалым қазақтың құқығы жоғары болуына басымдық берілуі тиіс деп санайды.

Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик:

Мырзатай Жолдасбеков
Мырзатай Жолдасбеков

– Мен өз басым, жерді сатуға да, жалға беруге де қарсы емеспін. Бірақ бұл жердің иесі алдымен қазақ деу керек. Сондықтан жерді бөлгенде де, сатқанда да қазақтың құқығы жоғары болуы тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, жарайды, сатылсын делік. Менің уайымым — жерді жалға беріп, сатқан кезде оның тәуірлері кімнің қолында кетеді? Билікте отырғандар жерді өз атына алмаса да жақынының, анаусының-мынаусының атына жазып алмай ма? Біз осыны ескеруіміз керек.

Өз сұхбатында академик жер мәселесінде халықты да, билікті де сабырға шақыра отырып, көптің пікірі есепке алынатынына сенім білдірді.

Загрузка...