Халықаралық орталық АҚШ-та жоғалып кеткен студент туралы енді естіп отырғандарын айтады

47 просмотров

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов АҚШ-та осымен бес жыл бойы іздеуде жүрген қазақстандық студенттің оқиғасына қатысты пікір білдірді.

Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Жанболат Мелдешовтың айтуынша, Ержан Еліков оқудан 2011 жылы шығарылған. Бірақ Халықаралық бағдарламалар орталығындағылар студенттің АҚШ-та жоғалып кеткені жайлы үш күн бұрын әкесі хабарласқан кезде ғана білген.

«Оны 2011 жылы оқудан шығарып жіберді. Өкінішке қарай, біз бұл жағдай туралы білмедік. Әкесі осы мәселемен бізге 5 жыл ішінде хабарласқан емес. Оның бұл хаты бізге үш күн бұрын ғана келді. Біз қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз. Біздің штаттардағы өкіліміз бұл мәселені АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірге қарап жатыр», — деді Жанболат Мелдешов.

Сондай-ақ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті қазақстандық жігітің үйге қайтуы керек болғанын, алайда соңғы сәтте оның райынан қайтып, басқа қалаға ұшып кеткенін айтты.

«Оны оқудан университеттің өзі шығарды. Бағдарламаның оны шәкіртақыдан айыруына тура келді. Себебі ол оқудан шығарылды, сондықтан да университеттің ережесіне сәйкес, ол оқуға қайта түсу мүмкіндігіне ие болмады. Оны оқудан шығарған кезде студент ата-анасымен байланыста болатын. Досы да жоғалған жігіттің шәкіртақыдан айырылғаннан кейін ұшақпен қайтуы керек болатынын растады. Бірақ өкінішке қарай, ол райынан қайтып, АҚШ-тың басқа қаласына ұшып кетті», — деді Жанболат Мелдешов.

Ал Пенсильвания штатындағы университет қызметкерлерінің қазақстандық студентпен болған жағдайдан мүлде хабары жоқ екен. Майкл Адевуми университетінің ғаламдық бағдарламаларының вице-ректорының айтуынша, студенттер санының көптігіне байланысты олар әр студент жайлы ақпарат алып отыра алмайды.

Еске салайық, осыған дейін «Болашақ» бағдарламамен Америкаға оқуға кеткен өскемендік жігіттің ұшты-күйлі жоғалып кеткені жайлы хабарланған болатын. «Соңғы рет ол маған 2011 жылы телефон соқты. Мені 8 наурыз мерекесімен құттықтаған болатын. Содан бері ұлымнан хабар жоқ. Жазбаған жеріміз, кірмеген есігіміз қалмады. Бірақ бірде-бір мемлекеттік орган ұлымды тауып беруге күш салып жатқан жоқ», — деген еді Ержанның анасы.

Загрузка...