Дзюдодан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг қазақ еліне қазақ тілінде алғыс айтып, аталмыш жеңісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы Қазақ үні хабарлайды.
Евразия арнасының «Кешкі кездесу» бағдарламасына олимпиадашылар, атап айтсақ, зілтеміршілер Ниджат Рахимов пен Жазира Жаппарқұл және дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг қонаққа келді.
Ал Галбадрахтың жаттықтырушысы Базарбек Домбай оның еңбекқорлығын атап өтті: «Гүлбанудың Қазақстанға келгеніне екі жыл болды. Екі жылда көрсеткен нәтижесі осы. Гүлбану – өте еңбекқор».
Сондай-ақ, Галбадрахтың жеңісті кездесуін жүргізген спорт сарапшысы Уәлихан Қосанбай спортшының табандылығына тәнті болғанын жасырмады.
«Бәрінен де Галбадрахтың табандылығы ұнады. 11-0 есебімен ұтылып жатты. Олимпиада ойындарындағы бірінші белдесу, қандай жауапты сәт еді! Галбадрах сол кездесудің «алтын уақытын» өз пайдасына шешті. Ерекше сезімге бөленіп, іштей басқа қыздарымыз да осындай болса екен деп ойладық. Расында да Галбадрахтың табандылығы басқа қыздарымыздың өздеріне деген сенімділігін арттырды», – деді спорт сарапшысы.