Ерлан Қарин: Бұл қауіпті тек күшпен басып ұстау мүмкін емес

96 просмотров

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Ақтөбедегі террорлық актінің орын алуына ең бірінші кезекте елдегі терроризм қаупіне жіті көңіл бөлінбегеннен деп есептейді, — деп хабарлайды Bnews.kz.

Белгілі саясаттанушының айтуынша, ендігі кезекте оны тек күшпен басып ұстау мүмкін емес.

6d9e3cfd50a182b6164649bd6f2
Ерлан Қарин

«Қазір енді күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарын сөгудің қажеті жоқ, олар өздеріне тиесілі қызметтерін шама шарқынша атқарып жатыр,

енді бұл қауіпті тек күшпен басып ұстап тұру мүмкін емес.

Бұл жерде мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да терроризмге жіті көңіл бөлінбегенін айту керек. 2011-2012 жылғы оқиғаларды тез ұмытып, қоғам тез басыла қалды, ол бір реттік қана ашудың бетке шыққаны сияқты болып қала берді. Алайда, оның ұзақ мерзімге созылатын дерт екені анық көрініп тұрған болатын. Оның тамыры терең. Ақтөбеде сондай ұяшықтардың бірі болған болуы керек», — деп жазды саясаттанушы Е.Қарин өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Ерлан Қарин күштік құрылымдардың  елдегі радикалдық топтарды мейілінше залалсыздандырып, экстремистік ошақтарды тауып, жою бағытында көп жұмыс атқарғанын айтыпты. Көптеген алдын алу шаралары барысында Қазақстаннан Сирияға аттанбақ болған бірқатар азаматтардың жолын кескенін, арнайы қызметтердің сол жақтардан біздің елге қайтадан белгілі бір мақсатта келгендерді де бірден қолға түсіріп, дыбыстық және бейнежазбалардың таралмауына жұмыс істегенін тілге тиек еткен.

«Алайда, олардың насихаты күн өткен сайын күшейіп, Қазақстанда ғана ИГИЛ-дің ресми бейнеүндеулерінің бесеуі тарап үлгерген. Соңғы дыбыстық үндеу бір апта бұрын ғана тарапты. Алайда, оның түпнұсқа екеніне күмәнмен қарап отыр. Мәселе оның түпнұсқалығында емес, оның тарап кеткенінде. Сондықтан

мұндай жүйелі насихаттың «ұйқыда жатқан ошақтарды» оятып жіберері анық»,

— деп жазады саясаттанушы.

Ол Ақтөбедегі бүгінгі жағдайды 2011 жылы Таразда болған оқиғамен салыстыра келіп, онда да әуелі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалғанына назар аударады. Сол сияқты 2012 жылдың қыркүйегінде Атырауда болған оқиғада да радикалдар қалалық полицияның ғимаратын шабуылдаған болатын.

«Олар көп қару-жараққа ие болғысы келді және дегендеріне жетті. Бұлар арнайы қызметтердің қандай да бір іс-шараларына көрсеткен қыры, кек алу секілді әбжіл әрекеттері болса керек. 2011-2012 жылдары да осы тектес оқиғаның көпшілігі, белгілі бір арнайы органдардың іс-әрекетіне жауаптары іспетті. Брюсселдегі жақында ғана болған террорлық акті де, бельгиялық арнайы қызметтердің жүргізген «тазалау»жұмыстарына радикалдардың қарсылығы ретінде байқалған болатын», — дейді Ерлан Қарин.

Загрузка...