Варшавада жұмыс сапарымен жүрген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының премьер-министрі Беата Шидломен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды қамтитын негізгі бағыттары талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде екі ел ұстанымының ортақтығы Қазақстан-Польша диалогын жүйелі түрде өрбіту үшін қолайлы негіз болатынын атап өтті.
Кеше Елбасы Польша президенті Анджей Дудамен кездескен болатын. Кездесуде Қазақстан Президенті елдеріміздің түрлі бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндігі бар екенін айтты.
– Арамыздағы өзара экономикалық іс-қимылды жандандыру және азаматтарымызға жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасау қажет. Елдеріміз арасындағы сенімді достық қарым-қатынас халықтардың жақындаса түсуіне септігін тигізетініне сенемін,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Польша Президентін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне шақырып, поляк іскер топтары өкілдеріне Астанадағы халықаралық қаржы орталығының қызметіне атсалысу жөнінде ұсыныс жасады.