Биыл тағы киік қырыла ма? «Гептил қорадағы малға да ауыз салуда» — эколог

722 просмотров

«Протон», «Союз» зымырантасығыштары Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы  таза аумақтарға құлайтын болса, нағыз «киік қырылған» нәубеті сонда болады».

Бұл туралы Халықаралық экология академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков Caravan.kz  берген сұхбатында айтыпты.

«460 мың доллар бар болғаны жақсы бір «мерседестің» құны. Соған бола жүздеген мың шаршы метр шұрайлы жер беру, ақылға сыймайтын әрекет»,

дейді эколог.

«Антигептил» қозғалысының белді мүшесі Мұсағали Сәрсенбайлы, 20 жылдан бері пайдаланған жерді қолданбай, «ұшу траекториясы өзгерді» — деп бүлінбеген таза жерді беру — үлкен экологиялық қауіп әкеліп, елге өлшеусіз зардап шеккізетініне бек сенімді.

Ресей технологиясына сенуден қалған Мұсағали мырза, биліктің ендігі шешіміне күмәнмен қарайды. Себебі, Үкіметте жуырда өткен селекторлық жиында ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары «биыл тағы да киіктер өле ме, өлмей ме, деген сауалға жауап бере алмаймыз» деп шындықты айтыпты.

«Пастереллез ең оңай түрі. Ең жеңіл себеп. Ол 100 жылдан келе жатқан классикалық ауру. Үкіметтегілер тағы да солай айта салады. Ал негізгі себеп — гептил»,- деген уәж айтады Мұсағали Дуамбеков.

Мұсағали Сәрсенбайұлының пайымдауынша, гептил зардаптарын тек қана киіктер мен ақбөкендер емес, енді елдің қорасындағы малдар арқылы тұрғындар да шегуде. Еліміздің Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарындағы малдардың қырылып, сібір жарасының пайда болуы да, осы гептилдің әсерінен көрінеді.

Мұсағали Дуамбеков: «Биыл мешін жылы жаңбырлы, ылғал көп. Түрлі мал аурулары содан шығып жатыр. Мысалы, биыл 50 жыл гүлдемеген Маңғыстау даласына қызғалдақ шығып, гүлдеп кетті. Сондықтан, биыл қолайлы жағдай туып, жер жерде сан жыл төгілген улы қалдықтардың әсері шыға бастады».

Еске сала кетсек, кеше Қазақстанның Ресейге “Байқоңыр” ғарыш айлағынан ұшатын “Союз” зымыран тасығышының қалдықтары құлайтын жер телімін бергені мәлім болды. Ол үшін Ресей тарапы Қазақстанға жылына 460 мың доллар төлейді.

Зымырантасығыштар бұрын Жезқазған өңіріне түссе, енді Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы және Қостанай облысы Жангелді ауданындағы арнайы аумаққа құлайтын болады. Бұл мақсатқа 63 мың гектар (630 шаршы шақырым) жер бөлініп отыр.

Ал осыдан бірнеше жыл бұрын Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығышы апатқа ұшырап, мыңдаған тонна улы гептил төгілді. Өткен жылы белгісіз себептермен 140 мыңдай киік қырылып қалды.

Загрузка...