Әлде, бұл әншейін сөз бе? Күші де, ісі де жоқ…Тек мейрам кезінде ғана еске алатын. Турасын айтқанда, біз, журналистер «төртінші билік» деген атаққа лайықпыз ба?
«Төртінші билік» болсақ, билік деген атымыз болса, онда неге именшекпіз?
Қазақтілді ақпарат құралдары қаншалықты тәуелсіз осы? Айтқысы келгенін айтып, жазғысы келгенін жазатын жағдайда ма? Әлде өзімізден жоғары тұрған «биліктердің» қас-қабағына қарауға мәжбүрміз бе?
Осы уақытқа дейін Қазақстанда «төртінші биліктің» қандай түрі қалыптасты?
Жоқ, бұл дұрыс емес. Анығында, қазіргі жүйе «төртінші биліктің» қандай түрін қалыптастырды, тәрбиеледі, түзеді-күзеді?
Қазіргі жүйе өзін «төртінші билік» санайтын журналистермен қаншалықты санасады? Санасқан кезін көрдік пе, осы? Жоқ, есімізде жоқ.
Біздің шенеуніктердің журналистерге сұхбат бермей қашуының өзі, қарап тұрсаңыз олардан қорыққандықтан емес, сұхбат, пікір беруді қажет деп санайтын түсініктің, жауапкершіліктің жоқтығынан. Олар «ресми мәлімдеменің» өзі жеткілікті деп санайды. Осы себепті де олар халықтан соншалықты алыс…
«Төртінші билікпен» санасу олармен сөйлесуден, сұхбат беруден басталады, негізінде. Батыста солай, мысалы.
Ал, жоғарыдағы сауалдарға жауап беруді, құрметті оқырман, өз құзіретіңізге қалдырайық.
Сіз қалай ойлайсыз, біз, журналистер «төртінші билік» деген атаққа лайықпыз ба?