Бір жыл ішінде Қазақстан халқы 255 мың 100 адамға көбейіп кетті

24 просмотров

Бір жыл ішінде Қазақстан халқы 255 мың 100 адамға, яғни 1,46 пайызға өскен. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің келтірген дерегіне сүйенсек, 2016 жылдың 1 мамыры бойынша еліміздегі халық саны 17 753,2 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар — 10 129,0 мың (57 пайыз), ауылдықтар — 7 624,2 мың адамды (43 пайыз) құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда халық саны 255,1 мың адамға немесе 1,46 пайызға өскен.

АХАЖ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2016 жылдың қаңтар-сәуірінде туылғандар саны 131,1 мың адамды құрады, бұл 2015 жылдың қаңтар-сәуіріне қарағанда 3,2 пайызға көп (2015: 127,0 мың адам).

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны — 45,0 мың адам. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға 7,65-тен келеді.

2016 жылғы қаңтар-сәуірде республика халқының табиғи өсімі 2015 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 4,5 мың адамға немесе 5,5пайызға көбейіп, 86,1 (81,6) мың адамды құрады.

Көші-қон полициясы органдары ұсынған келу/кетуді статистикалық есепке алу талондарындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2016 жылғы қаңтар-сәуірде елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны (көшіп-қонушылар) 2015 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 23,9 пайызға кеміп, 4 142 адамды құрады.

Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 16,3 пайызға көбейіп, 7 663 адамды құрады, көші-қонның айырымы — 3 521 адам болды. Біздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі, тиісінше, 73,5 пайыз және 88,1 пайызды құрады.

Қарастырылып отырған кезеңде 2015 жылы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда ел ішінде көшіп-қонушылар саны 17,6 пайызға азайып, 133 695 адамды құрады. Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 42,7 пайызы тиесілі. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Алматы (12 426 адам), Астана (16 адам) қалаларында және Павлодар (265 адам), Ақмола (249 адам), Қостанай (246 адам), Маңғыстау (196 адам), Атырау (190 адам) облыстарында қалыптасты.

Загрузка...