Алматы қалалық және Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Азаттыққа 49 жастағы Тайыр Қалдыбаевтың қамау мекемесінде қаза болғаны туралы ақпаратты растады.
Алматылық бұрынғы кәсіпкер Қалдыбаевты биыл 23 мамырда сот «Республика» және Nakanune.kz оппозициялық басылымдарында «Қазкоммерцбанкті» қаралайтын көпе-көрнеу жалған ақпарат таратуға кінәлі деп танып, төрт жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Бұған дейін Қалдыбаевтың қазасы туралы Facebook парақшасында журналист Ирина Петрушова жазған еді.
Тайыр Қалдыбаев аз ғана уақыт камерада жалғыз қалған дейді қылмыстық атқару жүйесі мекемесі өкілі. Бұған дейін ол өзін ұстамды ұстаған, суицид жасауға ниет танытпаған. Тұтқын өз-өзіне қол салған деген болжам айтып отыр билік.
Бұл ақпаратты Алматы қаласы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Ардақ Жанәбілова да растайды. Оның айтуынша, тұтқын қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалған, түрмеге Тайыр Қалдыбаевтың туыстары мен адвокаты барған.
Сот кезінде Тайыр Қалдыбаев пен оның адвокаттары баспасөз өкілдерімен кездесуге ниет білдірмеген еді. Ол сотта «Қазкоммерцбанк» талап арызында шеккен зиян ретінде көрсеткен 144 миллион 235 мың теңгені өтегенін мәлімдеген. Бірақ сот ол енгізген ақшаны талап арыздың өтемі ретінде есептемей, Қалдыбаевты төрт жарым жылға түрмеге қамауға үкім шығарған.
Бұған дейін Алматы қалалық сотында Тайыр Қалдыбаев пен осы іс бойынша бір жарым жылға сотталған Гузяль Байдалинованың арызы бойынша апелляциялық алқа отырысы шіледің 5-і қаралады деп хабарланған еді. Бірақ арызды қарау аяқ астынан шілденің 12-іне ауыстырылған.
«Өазкоммерцбанк» өткен айда гуманизм мен қайырымдылық принциптерін басшылыққа ала атырып, апелляциялық соттан Гузяль Байдалинованың үкімін өзгертіп, оған бас бостандығынан айырудан басқа жаза түрін тағайындауды сұрап өтініш бергені туралы ақпарат таратқан еді.