Қазақ киімдерінің ең әдемісі, көріктісі және ерекшесі де сәукеле. Қазақтардың бабалары – сақ-скифтердің бас киімінің биік болғаны көне грек тарихшыларының жазбаларынан белгілі. Сақтардың бас киімінің нақты суретін атақты Бихустан жартасында бейнелеген сақ көсемі Скунханың бас киімінің биік болғанынан көруге болады. Есік қорғанынан табылған сақ ханзадасының бас киімінінен де сәукелеге ұқсастық айқын байқалады.
Сонымен, Сәукеле – ұзатылатын қыздың күйеу еліне киіп баратын бас киімі. Бұлай болуының себебі – балажан қазақтың қыз баласын «жат жұрттық» деп ерекше жақсы көруінен. Қазақтардың ұл балаларынан көрген өз немерелерінен көрі, қыздарынан туған жиендеріне өзгеше ілтипат етуі де қыз балаға деген ата-аналық махаббатының ерекшелігі. Осы ерекше сезім қыз баламен қоштасудың да ерекше екенін көрсететін осындай бас киім дүниеге келген.
Әрине, кез-келген ер адамның басына көзге бірден көрінетін, тек ұзатылған қыздар киетін бас киімді киюі ерсі болып көрінері анық. Бұлай ету тек жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен, ашық түсті киім киіп жаудың алдынан әнін шырқап ары-бері шауып өте алатын сал-серілердің ғана қолынан келген.
Атақты шежіреші Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Қазақ шежіресі» атты жазбасында Өтебай сал туралы осындай бір оқиғаны баяндайды: «Бұл Өтебай Алтай-Тоқаның Тоқасынан, Көктің көліндегі Инем баласынан шыққан сал екен. Әкесі Күшікбайға он екі мың жылқы біткен екен. Сол он екі мың жылқы мұны жындандырмай, қалай тыныш қояды?! Осы асқа киіп келуге өзіне арнап сәукеле жасаттырған екен.
«Тоқа: Сапақ қызының сәукелесінен де артық болсын, Алтай: Алдажұман қызының сәукелесінен де артық болсын!» – деп, жасаған ұсталар: «жүз биенің құнына, пұлына жеткіздік» – деген екен.
– Осы асқа барғанның бәрінен биік боламын, – деп, сәукелені басына киіп түйеге мініп келген екен. Өзі бір үйде жалғыз жатады екен де, сәукеле басында, үлкен құсжастық арқасында, аяқ жағына есіктей айна қойдырып, өз түрін өзі айнадан көріп:
– Бар түрің осы ма, бар болғаны осы ма? – деп, айнаға қарап, ернін шығарып, өзін-өзі келемеждеп жатады екен.
Қазақ киімдерінің арасында ерекше орны бар сәукеленің неге «сәукеле» атанғаны белгісіз. Дегенмен қалыңдықты алып келе жатқанда алыстан көрінетін биіктігіне байланысты «сау келе жатыр» деп айтылғандықтан осылай аталған деген пікір бар. Бірақ, «сау келе жатыр» дегеннен пайда болды деу еш қисынға келмейтін сияқты, Сәукелені ойлап тапқандар тек алыстан көрінсін деп ойламағаны анық.
Меніңше, бұл бас киімнің тарихы тау басына ұқсас биік бас киім киген сонау сақ бабаларымыздың заманымен жалғастығы анық.
Кеңес билігі кезінде бұл мәдени ғұрып саябырлап қалып тек театр сахнасы мен кинофильмдер түсіру үшін жасалынып отырды. Дегенмен қазақ өнершілері сәукелені еш ұмытқан емес.
Белгілі қазақ суретшісі Гүлфайрус Ысмайыл режиссер Сұлтан Қожықұлы түсірген «Қыз Жібек» фильміне арнап сәукеле тігіп, сол үшін бір халықаралық сыйлық алғанын фильмнің басты кейіпкері Жібекті ойнаған Меруерт Өтекештің өз аузынан естідім.
Бүгіндері тәуелсіз елімізде көптеп болып жатқан ұзату, үйлену тойларында көздің жауын алатындай әдемі сәукеле киіп үлкен қуаныштың сәні болып жүрген қыздарымызды көрген сайын қуанамын. Бұл үрдіс әлі-ақ сәукеле тігу өнері дамуының жаңа биіктіктерден көрініп қазақ өнерін әлем жұртшылығына паш ететінін дәлелдейді.
Бердалы Оспан, мәдениеттанушы