Қазақстанда сібір жарасы дерті бойынша жағдай ушыққан жоқ — Ауылшаруашылығы министрлігі

41 просмотров

Бүгінгі күні Қазақстанда сібір жарасы бойынша жағдай ушыққан жоқ. Бұл туралы бүгін Қазақстан ет одағының кезектен тыс съезі барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Серік Ыбраев мәлім етті.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

— Сібір жарасы туралы факт тек Қарағанды облысында ғана расталды. Алматы облысында бұл әлі расталған жоқ. Сондықтан да, менің ойымша, жағдай соншалықты алаңдайтындай ушыққан емес, дегенмен мәселелер баршылық, — деді департамент басшысы.

Бұл ретте директор Қарағандыдағы оқиғаға тоқтала келе, онда денсаулық сақтау қызметінің жедел әрекет етіп, назар аудармағаны үлкен проблема болғанын айтады.

— Адам бір аптаға жуық медициналық көмектен тыс қалған, соның салдарынан екі бірдей кісі өлімі орын алды. Оның орын алуы да заңды, өйткені тиісті әрекеттер атқарылмады, — дейді Серік Ыбраев.

Қазіргі таңда Қазақстанның ет одағы ветеринария саласында ауқымды реформалар жүргізуді, сонымен бірге ветеринарлық бақылауды күшейту қажеттігін көтерген болатын. Өйткені, елдегі соңғы оқиғаларға байланысты көршілес Ресей қазақстандық экспорттаушылардың өніміне шектеу енгізген.

Министрлік өкілінің айтуына қарағанда, қазақстандық тарап Ресейдің ветаринарлық бақылау қызметімен келіссөздер жүргізіп, қазақстандық ет өніміне шектеуді алып тастау мәселесін қозғауда. «Біз келіссөздерді жүргізіп жатырмыз. Жақын аралықта бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын», — деді департамент басшысы.

Загрузка...