Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

«Қазақстан халқының тілдері күні» – қазаққа керек мереке ме?

178

Білім мен ғылымның тілі деп «Үш тұғырлы тіл» реформасы арқылы балаға 1-сыныптан ағылшын тілін тықпалағанды доғару керек. Баланың жастайынан өзінің ана тілінде ойлауы — бірінші кезекке қойылғаны жөн.

Еврей халқы неге балаларына алдымен еш тілді араластырмай, тек иврит тілін үйретеді? Олар төл тілін осылай дамытуда. Қадыр Мырза Әли ағамыз: «Тіл – бала тілі болмайынша, ана тілі болмайды» – деп керемет айтып кеткен.

Мемлекеттік тілдің дамуын тежеп тұрған факторлардың бірі – оның дипломатия мен халықаралық қатынас тіліне айналмауы. Шенеуніктер қайда жүрсе де орыс тілінде шұбырта жөнеледі.

Жаман үйді қонағы билейді

Біздің жағдайымызда Балтық жағалауы елдеріндегідей мемлекеттің тілдің тынысын кеңейтуге қызмет ететін ҚР Мемлекеттік тіл инспекциясы құрылса да артықтық етпейді. Мемлекеттік тілдің шұбалаңқылығы проблемасын өткеріп отырған біз ғана емес екендігін қаперде ұстап, жаңадан велосипед ойлап табуға уақыт пен қаражатты сарп етпей, әлемдік тәжірибеге жүгінсек, ұтпасақ ұтылмаймыз.

Сондай өзін ақтаған тәжірибелердің бірі — Чехословакияны отарлық құрсаудан босатып, оның алғашқы президенті болған – Томаш Гаргир Масариктің жолын басшылыққа алуға болады. Ол алдымен офицерлер мен әкімшілік қызметкерлеріне чех тілінен емтихан енгізді. Емтиханның қиын болғандығынан, бос лауазым орындарын немістер емес, чехтер иеленді. Сонымен қатар, Масарик неміс университеттерін де газеттерін де жапқан емес, тек параллельді түрде чех тілінде білім беретін оқу ордалары мен баспасөз құралдарын ашып, олардың сапасын күшейтті, сол арқылы чех тілінің тынысын кеңейтті.

Алысқа бармай-ақ қояйық,

көршілес Ресей мен Өзбекстанда сол елдің тілін білмесе, қарауыл болып та қызметке тұру мүмкін емес.

Ал біздегі тілдік ахуал «жаман үйді қонағы билейдіні» еске түсіріп тұрады.

ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мәлімдеуінше, Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігі жыл сайын «Орыс тілінің шетелдердегі жай-күйі туралы» атты Мемлекеттік баяндама әзірлейді екен. Соның басым бағыты бізге екпін жасайтыны сөзсіз. Сондықтан өз қотырымызды өзіміз қасиық. Біздің қотырдың жазылмауына күш салып жүргендер бізсіз де жетіп артылады.

Осы келтірілгендердің бірі болмаса да бірі кәдеге жарарына сенім мол. Алайда билік қашан мемлекеттік тілдің жағдайына білек-сыбана кіріседі деп күтіп отыруға болмайды. Әйгілі Махатма Ганди «өмірді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» дегендей, бірінші кезекте мемлекеттік тілдің қолданысының кеңеюіне өзіміз мүдделі болуға тиіспіз.

Қазақ пен қазақ қазашқа сөйлесейік. Отбасында балаларымызға қазақы тәрбие берейік.

Сол арқылы өзгелерді сыйлатып, төл тілімізді өрістету жолында сауапты іс жасайық.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ

foto-ajnalajyn

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз