Қазақстан Дүниежүзілік банктен 1 млрд доллар қарыз алады

27 просмотров

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы даму саясатын қаржыландыру бойынша бірінші кредит) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Келісімге 2016 жылдың 17 ақпанында Астана қаласында қол қойылған. Бұл туралы inform.kz хабарлайды.

index

Келісімге сәйкес, Дүниежүзілік банк Қазақстанға макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саясатын қаржыландыру үшін 1 миллиард доллар мөлшерінде қарыз береді. Қарыз қаражаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын қолдауға және Үкіметтің экономикалық ынталандыру және экономикалық өсімге көмектесу жөніндегі стратегиялық шараларын орындауға мүмкіндік береді.

«Аталған қарыз ағымдағы жылғы бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Тартылатын қарызды өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Қарыз бекітілген бюджет тапшылығы жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекеттік қаржылық теңгерімділікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды болады», — деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Жалпы Қарыз Қазақстанға 2,5 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 20 жыл өтеу мерзімімен беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі біржолғы қарыз сомасының 0,25 пайызы, резервке қойғаны үшін комиссия жылына қарыз бойынша пайдаланылмаған теңгерімнің 0,25  пайызына тең болады.

Мәжіліс депутаттары Келісімді оң бағалап, құжатты мақұлдады. Енді заң жобасы Сенатқа жолданады.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Омархан Өксікбаев „Сырттан алынатын қарыз бойынша бюджеттің тиімділігін бағалайтын тетік керек„ деп ұсыныс білдірді.

«Қазақстан осы қарыз арқылы бюджет тапшылығын жапқалы отыр. Бұның жақсылығы шамалы шығар. Дегенмен, осындай орасан зор қарыздың тиімділігін бақылау аса маңызды. Өйткені, Дүниежүзілік банктен алынып отырған қарыз толықтай бюджет тапшылығын жабуға жіберіледі. Олай болса, бұл қаражат бюджеттің тесігін бітеуге кетеді деген сөз. Ал оның тиімділігін бағалайтын тетік бізде жоқ», — деді депутат.

Осыған орай, О.Өксікбаев Дүниежүзілік банктен алынатын қаражаттың тиімділігі үшін қарызды нақты бір бағытқа жұмсап, оның тиімділігін бағалаудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ағымдағы мамыр айының соңына дейін Үкімет Парламентке бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынатынын жеткізіп, соның аясында осындай қарыздардың барлығына бағалаулар жасалатынын атап өтті.

 

Загрузка...