19 және 27 мамыр аралығында Астанадағы «Барыс Арена» алаңында өткен әйелдер арасындағы бокс әлем чемпионаты тарихындағы ең үздігі деп бағаланды. Бұл туралы AIBA президенті Чинг-Куо Ву мәлімдеді делінген Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
– Әйелдер арасындағы бокстың дамып келе жатқанына осы чемпионатта тағы көз жеткіздік. 15 жылдық тарихта қазақстандық бокс федерациясы үздік әлем чемпионатын өткізгені сөзсіз, –
деді AIBA президенті, доктор Чинг-Куо Ву әлем біріншілігінің жабылу салтанаты кезінде.
27 мамырда финалда 13 елдің өкілі бақ сынасты. 4 алтынға ие болған Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Одан кейінгі орындарға екі алтын олжалаған Қытай, 1 алтыннан еншілеген Франция, Ұлыбритания, Италия және АҚШ жайғасты.