Бұл жолы оқыс оқиға Атырау облысының Құрманғазы және Исатай аудандарында орын алды. Мұнда африкалық аурудан 50 шақты мал қырылған. Оған еліміздің басқа өңірлерінде байқалған сібір жарасы дертінің еш қатысы жоқ.
Ірі қара мал жаппай қырылған ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жағдаймен танысып, қол астындағыларға тиісті нұсқаулар берді, – деп хабарлайды BNews.kz.
ауру жұқтырған мал толықтай жойылған, жеке меншіктегі ауру малдар өзге малдардан оқшауланды. Сондай-ақ, малы өлген адамдарға өтемақы төленетін болды.
Айта кетейік, жергілікті мал дәрігерлері малдың қандай аурумен ауырғанын нақты анықтай алмаған болатын. Диагнозды республикалық орталық зертхананың мамандары қойып отыр. Талдау нәтижелері бойынша, мал неодулярлы дерматитпен ауырған. Абырой болғанда, бұл ауру адамдарға жұқпайды.
– Бұл вирус бізге Ресейден келді. Ауру бұған дейін Шешенстан, Дағыстан және Ставропольде тіркелген. Қанатты жәндіктерден тарайтын аталмыш ауру африкалық құрлық елдерінде кездеседі. Бүгінгі таңда
2 043 қара мал ауру жұқтырған болса, соның 51-і өлді. 343 бас малды мамандар антибиотиктердің көмегімен емдеді,
– деді облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев.
Қазір аудандық ветеринарлар ауру жұқтырған малды аман сақтап қалу үшін қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Аудан бюджетінен бөлінген қаражатқа вакциналар мен дәрі-дәрмек сатып алынуда.