Алматыда орын алған оқиғаға қатысты интернетте жалған ақпарат таратқандар, сондай-ақ, куәгерлердің тексерілмеген сұхбатын жариялаған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай деп мәлім етті.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
Айта кетейік, «Трубина» газетінің бұрынғы бас редакторы Алмат Азади де бүгін өзі жазған материалында қылмыскер «Алла уәкбар» деп айқайлағанын естідім деп жазған.
«Бейнекамераның жазбасында мен ондай ештеңе естіген жоқпын… Бұл барып тұрған өтірік. Және бұл сұхбат (куәгер әйелдің – агенттік) интернетке шыққан. Одан кейін, супермаркетте халық тұтқынға алынды деген ақпарат тарады.
Бұл ақпарат та интернет арқылы тарады. Біз қазір ол ақпараттарды тексеру үшін адамдарымызды жібердік. Қазір жалған ақпарат таратқан адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғадық және сол блогерлер мен тілшіге адвокат іздей беруге кеңес беремін», – деді Қ.Қасымов.