Астанада темекі тұқылын жерге тастаған жігітке 21 210 теңге айыппұл салынды

69 просмотров

11 қазан күні сағат 23.00 шамасында Қабанбай батыр даңғылында «Астана-Арена» стадионының жанында 1989 жылғы И. есімді азамат темекі тұқылын жерге тастағаны үшін оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің сайтында хабарланды.

«Қазақстан мен Румыния ұлттық құрамалары арасындағы футбол матчының үзілісі барысында 27 жастағы азамат темекі шегуге шығып, темекі тұқылын үш метрдей жерде тұрған қоқыс жәшігіне емес, жерге тастаған», — дейді Астана қалалық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің инспекторы Ләззат Бисембаева.

Аталған факті бойынша азаматтардың ортақ пайдаланатын орнын ластағаны үшін ҚР Әкімшілік қылмыстық кодексінің 434-бабы, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысына сәйкес, И. есімді азаматқа 10 айлық есептік көрсеткіш (21 210 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Бүгінгі таңда Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметі ұсақ құқық бұзушылыққа қатысты 3586 материал тіркеді, оның ішінде 384 азамат әкімшілік қамауға алынып, 3202 айыппұл салынды.

Загрузка...