Қашаған кен орны қарашада ашылады – Қ.Бозымбаев

100 просмотров

Алдағы 10 күннің ішінде Қашағанда екі ұңғыма ашылады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтып берді деп, хабарлайды baq.kz. 

«Қашаған ең үлкен кен орнының бірі екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан оны іске қосу маңызды мәселе. Бүгінде кен орнының іске қосылуы тақырыбы төңірегінде интернет желісінде және өзге алаңдарда мамандар мен сарапшылар қызу талқылап жатыр. Біз 10 күннен кейін ұңғымаларды ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ, ұңғымаларды ашқанымызбен Қашаған кеніші толық іске қосылады деп айтуға әлі ерте. Ол жерде тек ұңғымалар ғана емес, сондай-ақ екі үлкен зауыт бар. Біреуі мұнайды тазалайды. Ал екіншісі – газды тазартудан өткізеді.Сол зауыттар 7-8 жыл бұрын салынған болатын. Бұл ретте мердігерлер аталған нысандарды тексеріп шықты», – дейді Қ.Бозымбаев.

Энергетика министрінің айтуынша, екі ұңғыма ашылған соң, 4 апта бойы екі зауыт мұнай мен газды тазалайды екен.

«Біз осы тарапымыздан сол уақытта зауыттардың жұмысын қадағалаймыз. Бұл ретте таза мұнай мен құрғақ газ тиісті көлемде шыққаннан соң, Қашағанды іске қостық деп айтуға болады. Сондықтан бір жарым айдан кейін, яғни қазанның аяғы мен қарашаның басында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Ал салтанатты ашылуы басқа мәселе», – дейді Қанат Алдабергенұлы.

Айта кетейік, жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Елбасыға «Қашаған бұйырса осы айдың аяғында мұнай өндіруге кіріседі. Сосын қараша айының соңына таман, бұйырса коммерциялық өндіруге жетуді ойлаған жоспарымыз бар. Енді жұмыстар ақырындап, байыппен атқарылуда. 24 қыркүйекте алғашқы мұнай өндіруді бастамақ», – деген болатын.

Қашаған — Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Қашаған 75 км x 45 км аумақты алып жатыр. Қашаған соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны болды . Кен орнының коллекторы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр.

Соңғы зерттеу деректеріне сәйкес, кен орынының мұнай қоры 9–13 миллиард баррель мұнайды құрайды. Мұнай кен орны шетелдік компаниялардан құралған North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумы Өнімді бөлісу туралы келісім арқылы игерілуде. Консорциумға Eni (16,81 пайыз), «ҚазМұнайГаз»(16,81 пайыз), Total (16,81 пайыз), Royal Dutch Shell (16,81 пайыз), ExxonMobil (16,81 пайыз), ConocoPhilips (8,4 пайыз), INPEX ( 7,56 пайыз) компаниялары кіреді.

75ee5dd0-6e62-487e-89d4-436a1b54582d

Загрузка...