Арзан бензин АИ-80 еді, енді ол да қымбаттайтын болды. Энергетика министрлігі не бүлдірді?

103 просмотров

Отандық сарапшылар кешегі энергетика министрлігінің АИ-80 жанар-жағармайын реттеуді доғарып, бағаны еркіне жіберуі мүмкін екенін меңзеген мәлімдемесін ақылға қонымсыз деп санайды. Экономистер бұл арада нағыз лоббидің иісі аңқитынын да жасырмайды.

Қазақстан АИ-80 маркасындағы жанар-жағармай құнын реттеуді доғаруы мүмкін. Осындай ойлары барын айтқан энергетика министрлігі үш себепті алға тартады.

Біріншіден, министрліктің мәліметінше,

Қазақстанда АИ-80 бензиніне деген сұраныс өте жоғары.

Өйткені оны көтермелеп көптеп сатып алғандар, артынан үстіне химиялық қоспалар қосып, бағасы қымбатырақ маркада сатып, табысқа кенеледі екен.

Екіншіден, бізде АИ-80 жанар-жағармайының құны 89 теңге, ал АИ-92 маркасы — 125 теңге. Демек, бағасы арзан болғаны үшін де оны қазақстандықтар көптеп сатып алады. Сөйтіп, арзан бензинді сатып алғандар ауаны ластайды-мыс.

Үшіншіден, арзан жанар-жағармайға қызығып отырған қазақстандықтар ғана емес, сонымен қатар, ресейліктер де екен. Министрліктің келтірген дерегіне сүйенсек,

Ресейде АИ-80 жанар-жағармайының құны 176 теңге.

Сондықтан көрші мемлекеттің, әсіресе, жүк көліктері бізден отынын түгендеп алуды жөн көреді. Демек, Қазақстан арзан бензин сатып, ұтылып жатыр-мыс.

Алайда министрлік келтірген бұл фактілерді біз хабарласқан мамандар жоққа шығарады.

Алғатбек Қыдырбекұлы
Алғатбек Қыдырбекұлы

Халықаралық экономика сарапшысы Алғатбек Қыдырбекұлының айтуынша, арзан бензин сатуда Қазақстан ұтпаса, министрлік айтқандай, ұтылып жатқан жоқ.

— 20-30 теңге айырма үшін ресейліктер Қазақстанға жаппай ағылады деген бос сөз. Әрине, көршілес ауылдардан келіп, көлігіне отын толтырып әкететін бірлі-екілі жағдайлар бар шығар. Бірақ одан Қазақстан шығынға батып жатыр деп қорытынды түюге еш болмайды, — дейді ол.

Оның пікірінше, бұл арада, керісінше, Қазақстан Ресейді баға жағынан бәсекелестікте ұтып жатыр.

— Сондықтан баға айырмасын пайдаланып, нарық заңдылығына сәйкес, Қазақстандағы АИ-80 жанар-жағармайын өндіруші зауыттар өнімін көбірек өткізіп, табысқа кенеліп алуы керек қой. Бірақ, өкінішке қарай, олардың араны ашылып кеткен. Нағыз кәсіпкер емес, монополист ретінде өз өнімін 99 теңге емес, 120 теңгеден неге сатпаймын деп ойлайды олар — дейді сарапшы.

Ал қазақстандықтар арзанды таңдап, АИ-80 жанар-жағармайын тұтынуда экологияны бүлдіреді деуін, сарапшы, тіпті, қисынсыз деп санайды.

— Министрліктің бағаны қымбаттатып, қазақстандықтарды АИ-80 емес, АИ-92 жанар-жағармайын алуға мәжбүрлейік деуі — барып тұрған бассыздық. Шетелде АИ-80 маркасы мүлде өндірілмейді. Өйткені сапасыз нәрсені олар өндірмейді. Сондықтан олар бұл арада баға емес, негізінен, сапаға бастарын ауыртуы керек. Бірақ, оларды қазақстандықтардың да, қоршаған ортаның да жайы емес, жеке мүддесі қызықтырады ғой. Соны ашық танытып отырған министрлік қалай қорықпайды, — дейді Алғатбек Қыдырбекұлы.

Тоқтар Есіркепов
Тоқтар Есіркепов

Ал экономика ғылымының докторы Тоқтар Есіркепов көрші мемлекеттегі бензин бағағасына қатысты министрлік келтірген мәліметтерге күмән білдіреді.

— Ресейде біздегідей бірізді баға жоқ, Әсіресе, жанар-жағармай нарығында. Оларда әр губернияда  әртүрлі баға. Ал біздікілер соның ішіндегі зорын ала салған болуы да мүмкін. Сондықтан бұл фактіні әлі нақтылау керек. Ал АИ-80 — ауылшаруашылығы тұтынысы үшін ауадай қажет отын. Қазір Қазақстан экономикасын дамытуда ауылшаруашылығына басымдық беріп отырғаны белгілі. Осы жағынан алғанда, министрлік, керісінше, шаруаларға бағаның қолайлы болуын ойлауы керек қой, — дейді ғалым.

Загрузка...