Алматыда жедел жәрдем көлігіне жол бермеген джипке 21 мың теңге айыппұл салынды

19 просмотров

Алматыда толғағы қысқан келіншекті перзентханаға шұғыл апара жатқан жедел жәрдем көлігін өткізбей қойған жүргізушіге айыппұл салынды. Айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткішті, яғни 21 210 теңгені құрады.

Алдында Интернетте қоғам наразылығын туғызған бейнеролик пайда болып еді. Онда трассада джиптен жедел жәрдем көлігі өткізіп жіберуін бірнеше рет сұрайды, бірақ ол бәрібір оған сол күйі жол бермейді.

Қоғам пікірі ескерусіз қалмай, Toyota Land Cruiser Prado көлігінің жүргізушісіне айыппұл салынды деп хабарлады Zakon.kz.

Джипке қатысты қандай да бір шара қолдануды сұраған жазбаны жедел жәрдем қызметінің фельдшері Майра Қуанышпаева өзінің әлеуметтік желісінде жариялаған болатын.

«Toyota Land Cruiser Prado, мемлекеттік нөмірі — 111 — vip, өңір — 02. Ол Алматыда Райымбек көшесінің бойында дабыл белгісін қосып, №1 клиникалық мемлекеттік ауруханасы жанындағы перзентханаға асығып бара жатқан жедел жәрдем көлігін өткізбей қойды. Бұл кезде жедел жәрдем көлігінде толғағы қысқан келіншек бар еді. Алматының жедел жәрдем қызметінің атынан бір шара қолдануды сұраймын. Бригада фельдшері„ делінеді жазбада.

Бір тәулік ішінде бұл видеоға шамамен 4 мыңға жуық адам пікір қалдырған.

Бүгін Алматы ішкі істер департаменті жол ережесін бұзушының жазаға тартылғанын мәлімдеді.

— Ол бірден әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 598-баптың 2-тармақшасына сәйкес, жауапқа тартылды. 1991 жылғы жүргізуші тізгіндеген джип қалалық жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің біріне тиесілі. Ол заң бұзғанын мойындады, — деді қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Загрузка...