Алматыдағы бір мектептің директоры 3 жылға сотталды

96 просмотров

Алматы қаласының № 2-ші Бостандық аудандық соты қаладағы орта мектептің бірінің директорына қатысты қылмыстық істі қарады.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Сот мынадай деректерді анықтады. Мектеп директоры қызметін атқарған Е. Д. қылмыстық жолмен пайда табу мақсатында алдау және өзінің қызметтік бабын асыра пайдалану арқылы ірі көлемде бөгденің мүлкін ұрлаған. Бұл үшін ол арнайы жоспар әзірлеген.

Соған сәйкес, оқушылар мен мұғалімдер арасында мектептегі оқу бағдарламасын тез бітіруге және грантқа жоғары оқу орнына түсіруге көмектесе алатындығы жайлы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан», — делінген Алматы қалалық сотының хабарламасында.

Сот үкімімен бұрынғы мектеп директоры ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-ші тармағының 1-ші бөлімінде қарастырылған қылмыстарды жасаған деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айрылды.

Ол енді жазасын жалпы режімдегі түзету колониясында өтейтін болады.

Кейбір деректер бойынша, істі болған — №190 мектептің бұрынғы директоры. Алаяқтық іс 2011-2014 жылдар аралығын қамтиды. Ал мектеп директорына қатысты іс 2015 жылы қозғалған.

Загрузка...