Бұл жәнінде Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласы жедел жәрдем аурухансының жансақтау бөлімшесінде 18-шілдеде Алматыда Руслан Күлікбаев салған сойқан кезінде ауыр жарақаттар алған тағы екі полиция қызметкері қайтыс болды. Дәрігерлер батыр сақшылардың өмірін ажалдан арашалап қалу үшін жанын салды. Өкінішке қарай, алынған жарақаттар өте ауыр болыпты.
Полиция аға сержанты Әбілдаев Серік Еркінұлы, 1973 жылы туған, Алматы қаласы ІІД-нің Жергілікті полиция қызметі жол-патруль полиция полкінің полицейі, ішкі істер органдарында 1994 жылдан қызмет еткен. Қызымет еткен жылдарда 1-,2-, 3-дәрежелердегі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Қазақстан полициясына 20 жыл» кеуде белгісімен, ҚР ІшкіІсМині және Алматы қаласы ІІД-сінің грамоталарымен бірнеше дүркін марапатталған. Отбасылық жағдайы – үйленген, асырауында тәрбиелеп отырған 3 қызы бар.
Полиция лейтенанты Рахматуллаев Мейрамбек Нұридиллаұлы, 1992 жылы туылған, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы, ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері қызымет еткен. Қызмет еткен уақытта ҚР ІшкіІсМині және Алматы қаласы ІІД-сінің грамоталарымен бірнеше дүркін марапатталған. Отбасылық жағдайы – үйленген.
Алматы қаласы ішкі істер департаментінің басшылығы, Ардагерлер кеңесі және жеке құрамы Серік Әбілдаев пен Мейрамбек Рахматуллаевтың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты олардың туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтаса отырып, шын жүректен көңіл айтады.