Алматыда шаңғы трамплиніне баратын жолды лай көшкіні басып қалды

54 просмотров

Алматыда Медеу ауданындағы саяжайға баратын жолды лай көшкіні басып қалды. Бұл туралы қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетова хабарлады.

12-05-16-opolzen

 

«18-мамырда таңғы 08:35-те Медеу ауданындағы «Геолог» саяжайына баратын жолда лай көшкіні орын алды. Жолды 50 текше метр тас пен лай ағыны бітеп тастады. Бұл топырақтың шектен тыс ылғалдануынан орын алды»,

— деді С.Баймұхамбетова.

Қазір көліктердің өтуіне тыйым салынды.

Сондай-ақ, Медеу ауданының Жамақаев көшесінде таңғы 10:00 шамасында «Сұңқар» шаңғы трамплині кешенінде топырақтың шектен тыс ылғалдануынан 20 текше метр сары топырақ көшті. Төтенше жағдайдан ешкім жапа шеккен жоқ.

Айта кету керек, соңғы екі тәулікте Алматыда жауған жауын-шашын мөлшері қалыптан көп болып отыр.

Салдарынан қаланың 5 ауданындағы 18 үйдің ауласын су басып, арықтар мен сай-салаға су толды. Тіпті, метро стансасын да су алды.

Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан таулы аймақтарда көшкін болып, Медеу-Шымбұлақ жолы бұзылды.

Ауа райын болжаушылардың айтуынша, жақын арада еліміздің оңтүстігінде күн жауынды болады. Сондықтан, төтенше жағдай режімі сақталады.

Загрузка...