Алматыда медициналық клиникаға қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

24 просмотров

Алматы полициясы медициналық клиникаға жасалған қарақшылық шабуылдың бетін ашты. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

 

Ішкі істер департаментінің оперативтік бөлімшесінің деректеріне сәйкес, 26-мамырда Бостандық ауданында орналасқан медициналық орталықтың кеңсесіне қарақшылық шабуыл жасалған. Түнгі сағат төрт шамасында белгісіз үш адам кіреберіс есіктің әйнегін сындырып, клиниканың кеңсесіне кіреді. Сөйтіп, күзетшіге күш қолданып, бірнеше кабинеттен компьютерлік моноблоктар мен медициналық жабдықтарды ұрлаған.

Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 9 миллион теңге.

«Қарақшылар күзетшінің «Ниссан Цефиро» маркалы жеңіл автокөлігін де олжалаған. Жалпы келтірілген шығынның сомасына осы көліктің де бағасы еніп отыр. Күдіктілер оқиға орнынан іздерін жасырып үлгерген. Алайда, арнайы жасақталған тергеу-жедел тобы таң ата қарақшылар ұрланған автокөлікті тастап кеткен жерді анықтады. Бұдан әрі, жедел іздестіру шаралары барысында ұрлыққа қатысқан үш күдіктінің аты-жөндері белгілі болды. Олар Алматы облысындағы елді мекендердің бірінің тұрғындары екен. 23 жастағы ер азаматтар бір-біріне сыныптастар болып келеді.

Олар ұсталғаннан кейін, кешенді тергеу шаралары, соның ішінде, күдіктілердің тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тінту жүргізілді. Соның арқасында, барлық заттай айғақтар табылды. Ал күдіктілер уақытша тергеу абақтысына қамалды»,

— деді Алматы қалалық ІІД Криминалдық полиция Басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанболат Зиадин.

Загрузка...