Алматыда Халықаралық PR-форум басталды

26 просмотров

Бүгін Алматыда 12-ші Халықаралық PR-форум өз жұмысын бастады.

1464666276_2

«Коммуникация саласының жағдайы. Жаңа көзқарас» тақырыбында өтіп жатқан бұл шараға коммуникация саласының жетекші мамандары, қоғамдық пікір көшбасшылары, депутаттар, мемлекеттік және бизнес-құрылымдардың топ-менеджерлері, маркетологтар, журналистер және басқа да мамандар қатысуда. Форум барысында оның  жұмысымен танысуға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те келді.

Қатысушылар форум аясында Қазақстан мен әлемнің коммуникация индустриясындағы трендтерді, мәселелер мен міндеттерді талқыға салады.

«Біздің форум осымен 12-ші рет өткізіліп жатыр. Жалпы, қоғаммен байланыс саласы өте бір серпінді және технологиялық орта ғой. Биылғы форумның ерекшелігі сол, біз бүгінгі қоғамдағы ахуалды шынайы түрде көрсетіп бере алатын өзекті тақырыптарды таңдап алдық. Сол тақырыптар бойынша осы саланың жетекші мамандары, қаржылық институттар мен мемлекеттік органдардың басшылары  баяндама жасайды. Форумның екінші күні PR-практика жүйесіне арналады. Біз оны Digital, маркетинг және маркетингтік коммуникация деп аталатын үш секторға бөлдік», — деді өзінің алғысөзінде «PR-шы»  Қазақстандық PR-кәсіпқойларының бейресми клубының президенті Аида Досаева.

Бүгін форум аясында бірқатар тақырыптарда шеберлік сыныптары жүргізіледі.

«Биылғы форумда өте бір маңызды тақырыптар көтеріліп жатыр. Сондықтан, қазір әлемде болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, ортақ стратегия әзірленеді деген үміттемін. Мен өзім белгілі бір жобаны әлеуметтік желіде ілгерілету бойынша шеберлік сыныбын өткіземін», — деді өз кезегінде форумның спикері, «Кселл» АҚ коммуникация бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова.

Сонымен қатар, бүгінгі форумда халықаралық PR-нарығындағы әлемдік трендтер мен міндеттер, мемлекет пен бизнестің имиджі мен беделін басқару, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып халықаралық брендтерді жергіліктендіру және жаһандандыру мәселелері жан-жақты талқыланады.

Форумның жұмысы жалғасуда. Ол екі күнге созылады.

Қалыптасқан дәстүр бойынша форумды «PR-шы» Қазақстандық PR-кәсіпқойларының бейресми клубы, Қазақстанның Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығы және PG Communications  агенттігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Загрузка...