Қ.Айтаханов: Халықтың жер мәселесіне алаңдауына түсіністікпен қарауымыз керек

44 просмотров

Халықтың жер мәселесіне алаңдауына түсіністікпен қарауымыз керек. Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, Комиссия мүшесі Қуаныш Айтаханов осылай деді.

«Жер  — ана, Жер тағдыры  — ел тағдыры. Жер — біздің  басты байлығымыз. Әлемдегі түрлі қақтығыстар, саяси күрестер, шиеленістер осы жер дауынан туындайды. Сондықтан халықтың жер мәселесіне алаңдауына, өздерінің ой-пікірлерін ашық білдіруіне біз түсіністікпен қарауымыз керек. Осыған орай, Елбасымыздың өзі «Жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық  қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», деп орынды айтқанын атап өтуіміз керек. Бүгін біз Елбасының тапсырмасымен Үкімет құрған комиссия қоғамдағы аса маңызды мәселе Жер кодексі нормаларын талқылау және түсіндіру үшін, сонымен бірге Парламентке ұсыныстар енгізу үшін жиналып отырмыз», — деді ол.

Сондықтан сенатор бүгінді отырыс барысында Жер төңірегіндегі мәселелерді ғана талқылауға ұсыныс жасады.

«Біз алдымен өзімізге жүктелген міндеттерді дұрыс түсініп алуымыз керек. Біздің алдымызға қойылып отырған міндет — халық арасында түсініспеушілік тудырған жер кодексінің нормаларын жан-жақты талқылап, көпшілікке түсіндіру. Егер талқылау барысында орынды ұсыныс болса, оны редакциялық комиссия арқылы топтастырып, бірлесе қабылдау. Оны одан ары Үкіметке, Парламентке жеткізу. Сол себепті бұл мәселеде эмоцияға бой алдырмай,  дау-дамайға ұрынбай, салиқалы түрде ақылға салып, байсалды шешу керек деп ойлаймын. Біз барлық нәрсені халыққа терең түсіндіріп, халықпен ақылдасып атқарғанымыз жөн», — деді Қ.Айтаханов.

Загрузка...