Ақтаулықтар педофилді қатаң жазалауды сұрап Елбасыға хат жолдамақ

281 просмотров

Ақтаулықтар 6 жасар қызды зорлаған адамның жазасын қатаңдатуды сұрап, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолданатын хатқа қол жинап жатыр.

Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.

Ақтау тұрғындары Алтынгүл мен Анна таяуда Нұрсұлтан Назарбаевқа жіберілгелі отырған петицияға қол жинап жатыр.

Алтынгүл Ахметова әлеуметтік желіде облыс тұрғындарына үндеу жариялады. «Құрметті маңғыстаулықтар және ниет білдірушілер!!! Репост сұраймын, әріптестеріңіздің, достарыңыздың арасында осы хатты таратыңыздаршы, біз осы хаттың мазмұнымен келісетін тұрғындардың қолын жинап жатырмыз. А4 парақ алып, аты-жөндеріңіз бен оның жанына қолдарыңызды қойыңыздаршы! Қол көп қойылса жақсы! Тізім жазылған парақтарыңызды 31 тамызға дейін 28а ықшамауданы, 9 үй мекен-жайына жеткізіп беріңіздерші! Өзім барлығына бірдей барып үлгермеймін! 1 қыркүйекте хатты Астанадағы кеңсеге жолдаймыз!!! Менің нөмірім 87717536798. Бей-жай қалмауларыңызды сұраймын!!!», — деп жазды әйел.

Аннаның айтуынша, қол қоюға ниет білдіргендер өте көп.

«Ниет білдіргендер өте көп, келіп жатыр. Тұрғындар бұл оқиғаға бей-жай қарай алмайды, әрқайсысы уайымдап отыр. Бүгін Алтынгүл петицияның мәтінін алып келеді, біз оны қолдармен қосып, барлығын дайындаймыз», — деді ол.

Қазіргі уақытта петицияға жүздеген ақтаулық қол қойып үлгерді. Хатты жолдау мерзімін екінші қыркүйекке ауыстырыпты, себебі ата-аналар телефон соғып, мектептерде қол қоюға үлгермей жатқанын айтқан.

Еске салайық, оқиға 20 тамызда Ақтау қаласында болған. Түске дейінгі уақытта әжесі 6 жасар немересімен №1 ықшамаудандағы жұмысына келген. Немересіне қарауға уақыты болмаған әжесі баласына телефон соғып, қызын алып кетуін сұрапты. Біршама уақыт өткеннен кейін әйел өз немересінің жоқ екенін байқайды. Бастапқыда ол немересін әкесі алып кетті екен деп ойлайды. Алайда телефон соғып, қыздың әкесінің келмегенін білген ол немересін өзі іздей бастайды. Жоғалған қыздың туыстары оны бастапқыда өздері іздеген. Арада 2,5 сағат өткеннен кейін олар полицияға хабар берген. Жоғалған қызды іздестіруге Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы түгелдей жұмылған.

Полициядағылар қыздың сол күні 17.30 шамасында табылғанын хабарлапты. Қыздың жағдайы ауыр болған, көп қан жоғалтқан, күн өтіп кеткен. Тәртіп сақшылары оны «Нұр Плаза» жағалауына қарама-қарсы саяжайдан тапқан. Қыз балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Осы уақытта полицейлер бірнеше күдіктіні ізін суытпай ұстаған. Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта ұсталғандардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Ал кейін полицейлер 6 жасар қызды зорлаған адамды іздестіруге көмек сұрап, күдіктінің бағыттамасын таратты. Осы дерекке «Зорлау» бабы бойынша қылмыстық істің қозғалғаны белгілі.

«Лада» басылымының мәліметінше, Ақтаудағы автожөндеу орталықтарының бірінің иесі қылмыскерді тапқандарға 100 мың теңге көлемінде сыйақы жариялады.

«Өзімнің 10 жастағы қызым бар, бұл мен үшін сұмдық қылмыс. Сондықтан өз азаматтық ұстанымымды көрсетіп жатырмын. Полицияға көмектесу үшін емес, тіпті жарнамалану үшін емес, мен сол хайуанның ұсталып, жауапқа тартылғанын ғана қалаймын», — деді ол.

Ал осыған дейін қызды зорлады делінген күдіктінің түсіп қалған видеосы жария болған еді.

Күдіктінің фотосы
Загрузка...