Ақтауда зорланған алты жасар қыз туралы полиция 1 қыркүйекте мәлімдеме жасайды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бұл туралы Today.kz хабарлайды.
“1 қыркүйек күні облыстық ІІД басшылығы зорланған сәби жайында брифинг өткізеді. Қазір біз сараптама нәтижесін күтіп отырмыз “, – дейді баспасөз қызметіндегілер.
Тамыздың 29 күні Ақтауда зорланған алты жасар сәби Астанадағы ана мен бала ұлттық ғылыми орталықтың анестезиология және реанимация бөлімінде ауыр хәлде жатқанын хабарлаған болатынбыз. Дәрігерлер оның денсаулығына қатысты Вена және Кембридж университеттерінің профессорларымен кеңесуді жоспарланған. Астанадағы ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығына сәби 27 тамыз күні Ақтаудан ауыстырылды.
Естеріңізде болса, Ақтауда белгісіз біреу алты жасар қызды ұрлап, азаптап, зорлап тастаған еді. Төтенше жағдай тамыздың 20 күні қаланың №1 ықшам ауданында болды. Полицейлер оны бірнеше сағаттан кейін қансырап жатқан жерінен тапқан. Дәрігерлердің айтуынша, енді жарты сағат кешіккенде, кішкентай қыздың тірі қалуы екі талай болған. Дәрігерлер психикасына зиян келмеу үшін оның есін жидыруға асықпаған еді.
Ақтау полициясы алты жасар қызды зорлаған күдіктінің нобайын суреттеп берген еді. Полиция Daewoo Nexia маркалы көлікті жүргізген ер адамды (35-45 жас шамасындағы мұртты азиат) іздеді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тамыздың 20-сы күні сағат 12:00 мен 13:30 аралығында бірінші ықшам ауданындағы №29 үйдегі “Иваныч” дүкеніне баратын жолмен жүрген жүргізушілерден бейне тіркеуіштерін тексеруді сұраған болатын. Кейін ғаламторда күдікті түсіп қалған бейнежазба да жария етілді.
ҚР ҚК 120-бабы («Зорлау») бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.
Арада үш күн өткеннен кейін Ақтаудағы алты жасар қызды зорлаған күдіктіні табуға септігін тигізген ақпарат үшін жергілікті тұрғын 100 мың теңге тікті. Александр есімді азамат бала ұрлаған сәттің куәгерлері табылатынына сенімді болған еді. Ер адам фамилиясын, мекеменің атауы мен мекен-жайын көрсетуден бас тартты. Ол мұндай қадамға пиар жасау үшін емес, тек жақсылық жасау үшін барғанын айтты. Бұдан өзге ол осы қызға көмек көрсету үшін жылу жинауға дайын екенін жеткізген болатын.
Арада аз уақыт өткен соң, күдікті ұсталып, оның Өзбекстан азаматы екені анықталды. Алайда, оның алибиі болуына байланысты қылмысқа қатысы әлі дәлелденген жоқ.