Ақтөбе теміржолшыларына тегін берілген үй сатылатын болып, дау тудырды

45 просмотров

Ақтөбелік теміржолшы 12 жылдан бері үйінің құжатын жасата алмай жүр. Даудың басы — ауылға жұмысқа барған мамандарға тегін берілген баспананың ақысы.

Бұл туралы aktobenews.kz хабарлайды.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының тұрғыны Ислам Ақжанов баспана мәселесінің бас қайғысына айналғанын айтады:

— Біз 2004 жылы Әйтеке би ауылына теміржол салынып жатқан кезде 30-ға жуық маман келдік. Басшылық қызметтен 10 адам болды. 20 машинист бар. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау екенін айтып, 31 үй салынды. Баспананың кілті берілген соң, қуана-қуана қоныстанып алдық. Бірақ оның құжаттары жоқ.

Үйдің Қазақстан теміржолы мекемесіне қарасты екенін естідік. Осы уақытқа дейін коммуналдық қызмет ақысын да өзіміз төлеп келе жатырмыз. Енді қазір бұл үйлерді біздің сатып алуымыз керектігі айтылып жатыр, — дейді теміржолшы Ислам Ақжанов.

Құжаты жоқ үйді 12 жылдан бері меншіктеп ала алмаған теміржолшылардың барар жер, басар тауы қалмаған:

— Қазір бізге сол үйлерді 5 миллион теңгеге сатып алу керек деген сыбыс келіп жетті. Әу баста, маман ретінде келген кезде «қызметтік баспана емес, өздеріңнің жеке үйлерің болады» деп айтқан болатын. Ол үйдің құжатын сұрағанымызда күнде «ертеңмен» 12 жылға созып келді. Біздегі түйіні шешілмей келе жатқан мәселе осы. Бұл жайтты айтып, Елбасына да хат жаздым. Сол кезде құжат жасауға қатысты аздап қозғалыс болған сияқты еді… — деді теміржолшы.

Загрузка...