Әлия ауылындағы мал ауруы өзендегі микрооргазимдер себебінен болуы мүмкін. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев айтты деп хабарлайды aktobenews.kz.
Осыдан екі айдай уақыт бұрын Ақтөбе облысының Қобда ауданы Әлия ауылында ірі қара малы ауруға ұшыраған болатын. 10 күннің ішінде ауру 160-қа жуық малға жұққан. Кейін ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық қадағалау және бақылау комитеті малдың қырылуын зерттеу барысында пастереллез бен лестерезге қатысты клиникалық белгілер байқалғанын айтқан-ды.
— Мал ауруға ұшыраған бойда аталған комитеттен арнайы мамандар келді. Бұл жайттың бірнеше себебі айтылды. Әлияда екі жайылым бар. Бір жағы батыс жағына қарай, екіншісі шығыс жағына қарай жайылады. Шығыс жағында жайылатын мал ауруға ұшыраған. Бұл жақта мал өзенді кесіп өтеді. Болжам бойынша, мал сумен келген микроорганизмдер салдарынан ауруға ұшыраған болуы мүмкін. Зерттеу әлі жүргізіліп жатыр, — деді Мұхтар Жұмағазиев.