Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

90-шы жылғылар. Немесе қазіргі жастар қандай өзі?

409

Ендеше, байқаған дүниемізді айталық:

Тәуелсіздік құрдастарының көпшілігі шенқұмар. Әкім-қаралардың бұйрығын орындауға келгенде, алдына жан салмайды.

Арзанқол шараларды ұйымдастырып, жоғарыдағылардың көзіне түсуге ынтық. Неге?

Студенттік кезде қоғамдық шаралардан қалмайтындардың біразы қазір саяси ұйымдар мен жергілікті билік орындарының жанындағы ішкі саясат, жастар ісі жөніндегі бөлімдерде қызмет етуде. Өкінішке қарай, көпшілігі шолақ белсенді, негізгі мамандығын шала игергендер…

Таяуда үйіміздің іргесіндегі емханаға бардық. Кірсек, дәрігер біткеннің бәрі әбіржулі екен.

Алғашында әкім, болмаса, министр келген болар деп болжағанбыз. Дәлізден әрі аттатпай тұрған мейірбикеден сұрап едік:

– Горздравтан кісі келді, – деп қысқа қайырды.

Сол сәтте иығына ақ халатты желбегей жамылған жап-жас жігітті көзіміз шалды. Емхананың бөлмелерін аралап жүр екен. Әкім де, министр де емес. Керек десеңіз, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы да емес. Ол кісіні танимыз, себебі. Кейін білдік, жас жігіт осы басқармадағы бір бөлімнің жетекшісі екен. Бірақ екпіні қатты.

Емхананың егде тартқан бас дәрігері әлгі жас жігіттің алдында құрдай жорғалап жүр. Әрі аянышты, әрі күлкілі. Әлгі жігітке айналасындағылардың құрақ ұшып, бас шұлғығаны ұнап-ақ тұр…

Жап-жас жігіттің білікті маманды өз алдында құрақ ұшқызатындай не құдіреті бар? Ешқандай. Мәселе – шенқұмарлықта. Тәуелсіздіктің елең-алаңында өмірге келген жастардың бұлайша шенқұмар, әміршіл болуына не әсер етті?

Шынымен, не әсер етті? Айтайық. Жастардың шолақ белсендіге айналуына тәуелсіздік жылдары елімізде жаппай құрылған жастар ұйымы себепкер болды.

Жағымпаздардан қандай басшы шығады?

Қазір де «жастардың мүддесін көздейміз» дейтін ұйымдар көп. Мәселе шешіп, қарық қылып жатқаны жоқ. Сонда олардың мақсаты не?

Мақсаты – мемлекеттің жастар ұйымдары үшін бөлген қаржысын алу, басқа ештеңе емес.

Айталық, қазіргі жастар ұйымы немен айналысады? Таусылмайтын жаттанды акциялары бар. Олар – қауіпсіз секс (СПИД-ке қарсы іс-шаралар) немесе нашақорлықпен күресу. Кезінде осындай бірқатар ұйымдары жастардың СПИД-ке шалдықпауы үшін түнгі клубтарда мүшеқап таратқаны бар еді. Енді бірі жастың бәрі нашақор болып кеткендей «Нашақорлыққа жол жоқ!» деген іс-шараны ұйымдастырған. Қайсібірін айталық. Содан не өзгерді? Мемлекеттен бөлінген қаржы осындай арзан науқандарға жұмсалуы керек пе еді?

Мәселе мұнда емес.

Жергілікті билікпен тіл табысып, жастар ұйымы арқылы  «ақша жасаған» белсенділер өмір бойы клуб аралап, мүшеқап таратып, көшет отырғызып өмір сүрудің мүмкін емесін түсінгесін, мемлекеттік қызметке қол созып, биік мансапқа ұмтылады.

Жас кезінде желпілдеп ары-бері шапқылап, далабәдік болған мұндай жастардан қандай маман немесе қандай басшы шығатынын айтудың өзі қорқынышты.

Мұндайлар мақсатына қол жеткізу жолында неден болса да тайынбайды. Себебі, олар

басшыға жағыну, бұйрыққа қарсы келмей орындауға әбден машықтанған пысықтар.

Шенқұмар жастардан қорқамыз…

Аль ФРЕДО

002

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз