Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
8
USD
430
-2.45
EUR
505
-1.23
RUB
5.55
+0.03

“Жүрегі, бауыры да жоқ дейді?”. Ақтөбеде науқастың қос бүйрегін рұқсатсыз алған дәрігерлердің басы дауға қалды (видео)

145

27-мамырда Серікболсын Көшербай тойға қатысып, сол жерде біреу оны басынан ұрған. Бас-ми жарақаты ауыр науқасқа облыс орталығынан санавиация жіберілді. Дәрігерлер 22 жастағы жас жігіттің бас-ми жарақатына Байғанин аудандық ауруханасында ота жасап, кейін оны Ақтөбе облыстық ауруханасына тасымалдады. Сол жерде ем қабылдаған науқас бірер күннен соң көз жұмды.

«Серікболсын Көшербай соққы алып, ауруханада жатқан кезде бәрі де сол жерде жүрді. Ал көз жұмып,

мәйітханадан денесін алуға барғанда бізге «баланың екі бүйрегін алды» деп бір қызметкер айтты. «Судың да сұрауы бар» емес пе? Бүйрегін алар кезде бізден неге рұқсат сұрамаған? Дәрігерлер қылмыс жасап отыр.

Серікболсын анасын бағып, соған қамқор болып отырған ұл. Ағасы жұмыста, қарындасы – студент. Өзі ауылда жүрді, үй шаруашылығында еді. Мінезі жайсаң, сыйлы адам болды. Ол ішімдік ішпеді, темекі шекпеді.

Жүрегі мен бауыры да жоқ деп жатыр.

Біз енді анық-қанығынына көз жеткізгіміз келеді»,- деді Серікболсын Көшербайдың нағашы апасы Гүлайым Есенбаева.

Бұл жағдай Байғанин ауданы, Алтай батыр ауылында тұратын Серікболсын Көшербайдың отбасына ауыр тиді. Ағасын жоқтап отырған қарындасы Балдәурен Нұрлыбаева дәрігерлердің «рұқсат алдық» деген сөзіне ренішін білдірді.

«Әкем ерте көз жұмып, анамыздың жанында ағам Серікболсын болды. Ол өте жақсы, ауылға сыйлы еді. Бас-ми жарақатымен ауруханаға түскен кезде біз күнде барып, дәрігерлермен телефон арқылы сөйлесіп отырдық. Соңғы рет сөйлескенде, «еш өзгеріс жоқ, қан құйып жатырмыз» деген болатын. Қайтыс болған соң мәйітханадағы қызметкерлер оның қос бүйрегі алынғанын айтты. Дәрігерлер, ағамның бүйрегін алған науқастар, бәрі де кешірім сұрасын деп талап қоямыз. Әлі күнге дейін бір адам келіп, бізбен сөйлеспеді»,- деді Балдәурен Нұрлыбаева.

Бұл отбасы мән-жайды анықтау үшін құқық қорғау органдарына арыз жазып, сотқа шағым түсірді.

«Ақтөбеге әкелінген Серікболсын Көшербай жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлердің емі нәтиже бермей, науқас қайтыс болған. Ем-дом жасалып жатқан кезде Көшербайдың туған-туыстары сол аурухананың жанында жүрген, үнемі жағдайын біліп отырған. Жас жігіт қайтыс болғаннан кейін денесін алуға мәйітханаға барған кезде «екі бүйрегін алып, басқа науқасқа салдық» деп айтқан. Сол күннен бастап туысқандары наразылықтарын білдіріп, құқық қорғау органдарына шағымданды. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Заңы бойынша «мәйіттің ішкі органдарын алу үшін жақындарының, заңды өкілдерінің рұқсаты қажет» деп. Рұқсаты болмаса, дәрігерлер рұқсат бермейтінін білсе, ішкі органдарды алуға болмайды. Денсаулық сақтау министрінің де бұйрығы бар. Онда ішкі органдарды алу үшін жақындарының, заңды өкілдерінің келісімін алу керек екені жазылған. Бұл жерде денсаулық сақтау саласының мамандары дұрыс жасамаған. Қазір облыстық прокуратураға арыз берілді.

«Ақтөбе» газетінде облыстық бас хирургі сұхбат берген екен. Онда хирург «қайтыс болған жігіттің ішкі органдарын алу үшін біз оның жақын туысқандарымен сөйлесіп, рұқсатын алдық» деп мәлімдеген. Туған-туыстары наразылығын білдірді. «Біз рұқсат берген жоқпыз» деді. Осы ақпарат бойынша азаматтық сотқа шағым түсірдік. Прокуратура, ішкі істер органдарынан кінәлі адамдарды тауып, қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап отыр»,- деді қорғаушы Қатарбай Раисов.

Бұл оқиға туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабардар.

«Егер адам тірі кезінде «мен донор болмаймын» деген қағаз қалдырмаса, дене мүшесі сау болса оны алып, сұраусыз мұқтаж адамдарға ауыстыру операциясын жасай аламыз. Дәл осындай жағдай бізде болды. Туған-туыстары жақын жерде болмаған. Ал дене мүшелерін тез алып, салу керек болды. Ауыстырған кезде, басқа адамға салғанда дене мүшесі жұмысын жасап кетуі үшін операция шұғыл жасалады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз