Қазақстанның барлық мешітіндегі кешегі жұма күнгі намаз Ақтөбе облысында өртеніп кеткен автобуста мерт болған өзбек бауырларымыздың рухына бағышталды.
Бұл туралы өзбек әріптесіне көңіл айту жеделхатын жолдаған Қазақстанның бас муфтиі Серікбай қажы Ораз айтты деп хабарлады АқтөбеNews.
Қазақстанның бас мүфтиі еліміздің барлық мешітіндегі имамдарға жұма күнгі намазды автобус өртеніп, мерт болған өзбек бауырларымыздың рухына бағыштау туралы шұғыл хабарлама жөнелткені белгілі болды.
Еске сала кетелік, осыған дейін Ақтөбеде автобус өртеніп, 52 адамның қаза тапқаны жайлы хабарланған болатын. Ikarus маркалы автобустың 18 қаңтарда сағат 10:30-да Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара — Шымкент тасжолының 1068 шақырымында, Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде өртенгені айтылған еді. Автобустың ішінде 55 жолаушы және екі жүргізуші болған. Оның бесеуі автобустан шығып үлгерген.