Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Жезөкшемен жатқыш еді…”. Ең жоғары шенді советтік қашқынның оқиғасы

224

1935 жылы Шевченколар отбасы Қырымға көшеді, онда әкесі туберкулездік санаториялердің біріне директор болып жайғасты.

Аркадий Сталиннің кезінде-ақ Мәскеудегі мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтына түсіп, оны қызыл дипломмен бітіреді. Ол заманда сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтіндердің ішінде бірен-сараны ғана шетелге баратын.

Ал дамыған Батыс елдеріне тіпті үлкен «блаттың» күшімен ғана баруға болатын.

Шевченконың «өсуіне» екі таныс жол ашты.

Біріншісі оның әйелі Леонгина. Ол Сталин заманында Мәскеуде ресторан ұстаған, кейін Мәскеу орталығындағы азық-түлік дүкенінде директор болған өте ықпалды бір әйелдің қызы еді.

Екіншісі институтта бірге оқиған Анатолий Громыко. Ол сыртқы істер министрі Андрей Громыконың ұлы еді.

Шевченко ірі шенеуніктің ұлымен тез тіл табысып, кейін оның әкесімен де өте жақын болып кетті. Ал әйелі Леонгина министрдің әйелімен жақын достасады.

Сол себепті оқу бітіре салысымен Шевченко СІМ-дегі «шетелге шығатын» қызметке алынды. Бөлімде атташе болып бастаған ол екі жылдан кейін Нью-Йоркке алғаш командировкаға шықты. БҰҰ-дағы советтік делегация құрамында Хрущевтің өзін қолтықтап жүрді.

60-шы жылдардың басында жасы 30-дан енді асқан Шевченко БҰҰ-дағы советтік миссияның тұрақты өкілі болып Нью-Йоркте қалды.

1970 жылы уақытша Мәскеуге шақырылып, Громыконың кеңесшісі болды. Бұл – жас шенеунік үшін советтік номенклатураның қатарына алынар алдындағы соңғы тексеру еді.

ЦРУ-дың тыңшысы

1973 жылы Шевченко төтенше және өкілетті елші дәрежесіне жетіп, БҰҰ-дағы арнайы өкіл атанды.

Шевченко совет елінің адамы үшін қол жетпес биікке көтерілгендей болған. Нью-Йорктегі дипломаттың өмірі политбюродағы креслодан да жайлы еді. Жоғары айлық, саусақ ұшын ғана қимылдататын оңай жұмыс, капиталистік өмірдің бар қызығына батып жүрді. Мәскеуде де бәрі керемет: Фрунзе жағалауы көшесіндегі төрт бөлмелі пәтер, іші толған асыл тастар, құнды антиквариат пен қымбат тондар. Советтің жай адамы мұндайға да өмірі қол жеткізе алмай өтетін.

Кейін, Шевченко қашқаннан кейін әлгі пәтердегі мүлікті түгендеген тергеушілер қара терге әбден малынған. 250 мың рульден асатын ақшаның мүлкі табылған ғой. Әрі аса қымбат заттардың құнын милиция әдейі төмендетіп жазуға мәжбүр болған.

БҰҰ-да жоғары қызметке қолы жеткен Шевченконың бұл қызметтен іші пысқан болса керек. Кейін өзі Батысқа саяси себептерге байланысты қаштым деп мәлімдеді. “Советтік жүйеден көңілім қалды” деген. Ол заманда қашқындардың бәрі осы себепті алға тартатын. Өйткені капиталистік елдерден КСРО-ға қашқандар керісінше, “демократиядан көңілім қалды, советтік жүйе жүрегіме жақын” деп соғатын.

Шевченконы ЦРУ-ға жұмыс істеуге күштеп көндірген деседі. 1975 жылы Шевченко БҰҰ-дағы американың өкілі арқылы өзіне АҚШ-тан саяси баспана сұратады. Америкалық дипломат тиісті жерге хабар беріп, оны жасырын жерге кездесуге шақырды. Бірақ кездесуге дипломаттар емес, ЦРУ-дың адамдары келді. Олардың Шевченкоға айтқаны мынау: “қазір КСРО мен АҚШ-тың арасындағы қарыс-қатынас жаман емес. Тіпті өте жақсы. Сендей жоғары шенді фигураның қашқаны сұмдық дау болады. Сондықтан мұндай саяси даудың бізге керегі жоқ. Бірақ… Бірақ… Тек алдымен біраз уақыт бізге жұмыс істесең ғана сенің Америкаға қашуыңа көмектесеміз”.

Қашқын атанған бұрынғы дипломаттан Америкаға пайда жоқ еді. Ал Громыко отбасына өте жақын жоғары шенді атқамінер дипломат өте пайдалы еді. Осылай Шевченко өзі құрған торға өзі түсті дейді.

Шевчено үш жыл бойы Американың тыңшысы болды. Өзі БҰҰ-дағы ең жоғары шенді советтік дипломат. Кездесетін жасырын пәтер Шевченко тұрған пәтердің астындағы қабатта еді. Дипломат американың агенттерімен сол үйде кездесіп, КСРО-ның бар ақпаратын соларға беріп отырған.

Советтің барлау қызметі тыңшы бар екенін білді. Шевченко да күдікке ілінді. Өйткені Шевчено тым тойшыл, тым сауықшыл болатын. Арақты жиі ішіп, ақшасын қатты шашатын.

Мәускеудегі бастықтарға дипломаттың араққа тым салынып бара жатқаны ұнамады. Оны арақ ішетіні үшін сөгіп, бір сілкіп алу үшін Мәскеуге шақырды. Шевченко мұны қайдан білсін? “Менің ЦРУ-мен байланысымды Мәскеу біліп қойды-ау” деп, өз кураторына жедел хабарласып, маған дәл қазір табан астында саяси баспана беріңдер деген талап қойды. Өйткені ол қазір Мәскеуге барса, ол жақтан қашып шығуы неғайбыл екенін білген еді.

Кешке әйелінің ұйқыға кеткенін күтті. Әйел жатты. Бұл өзінің болашақ өміріне қажетті бірнеше фотосуретті ғана алып (бір суретте ол Брежневпен бірге тұрған), пәтерден ақырын шығып кетті. Әйеліне қоштасу хатын тастап кетті.

Тыста тұрған көлікке отырды. ЦРУ қызметкерлері оны қала сыртына әкетті.

Күйеуінің қашқын болып шыққаны әйелі Леонгина Шевченкоға ауыр тиді. Аркадий өз отбасын ғана бұзған жоқ. Ол шынымен де бұлар үшін бәрін бұзған еді. Екеуінің дипломат ұлы да барлық қызметтен ұшып кетті. Леонгина күйеуі қашқаннан соң бір айдан кейін өзіне-өзі қол салып өлді.

Сатқынның кейінгі өмірі

Қашқан Шевченко қайғырған жоқ. Америкаға бара сала қыдырып, ішіп, ойына келгенін істеді. Латын америкасынан шыққан қараторы жезөкше қызға ғашық болды. Оған алдымен бірнеше ай бойы аптасына жоқ дегенде 3 реттен барып-келіп жүрді. Ақшасын Америка төлейді. Ол кездесуге Франциядан келген дипломатия өкілі ретінде баратын. Бір күні шыдамай, қызға өзі туралы бар шындықты жайып салды.

Әлгі қыз да пысық екен. Махаббатқа мас болған орыспен қалай төсектес болғанын бүге-шігесіне дейін сипаттаған «Қашқынның ашынасы» деген мемуар жазып, үлкен ақшаға кенелді. Әрі осылайша миын ашытқан клиентінен де құтылды.

Сосын Шевченко американың тағы бір әйеліне үйленді, онымен біраз жыл тұрды. Басында ол Америкада танымал адам болып жүрген. Одан жиі-жиі сұхбат алып, сарапшы ретінде пікір сұрайтын. Билік оған өте жайлы, қымбат үй ұсынды.

80-ші жылдары ол «Мәскеумен ажырасу» деген кітап жазып, одан да біраз ақша тапты. Бірақ бұл гонорар Шевченко өміріндегі соңғы жетістік еді.

1985 жылы Мәскеу оның ЦРУ-дың тыңшысы болғанын біліп қойды. Ол енді қашқын ғана емес, сатқын атанды. Бірақ КСРО оны жазалап үлгермеді. Әйгілі “перестройка” басталып, орыс елі Шевченконы ұмытып кетті.

Шевченко АҚШ-та жақсы үйде тұрды. ЦРУ-дың құрметті зейнеткері ретінде айына бірнеше мың доллар алатын. Бірақ егер Мәскеуде қалғанда әрине, жағдайы бұдан әлдеқайда жоғары болар еді... Громыко министрдің орнын бұған дайындаған еді. Ал КСРО-ның құлағаны мұны тіпті үлкен байлыққа кенелтер еді

Шевченко ақыры түксіз қалды. 90-шы жылдардың басында бұрынғы КСРО елдерінің бірінен келген эмигрант қызға үйленді. Ол қыз өзінен бақандай 23 жасқа кіші еді. Шалға бекер тимеген пәле қыз болып шықты. Ол алдымен Шевченконың бір үйін сатқызып, Америкадағы қымбат университетте оқитын қызының оқуын төлетіп алды. Сосын ажырасамын деп сотқа беріп, қалған мүлігінің көп бөлігін сыпырып алды. Тіпті ай сайын алатын зейнетақысына дейін жармасты.

Осылайша әу баста тіпті америкалықтар үшін бай адам саналған Шевченко өлер шағында өзін банкрот деп жариялауға мәжбүр болды.

90-шы жылдардың басында іші-сырты антиквариатқа толы бірнеше үйі бар адам 1998 жылы бос бөлмеде квартирант болып бауыр циррозынан көз жұмды.

Жас кезінде де ішімдікке құмар болған бұл жігіт қашқаннан кейін ішуін одан сайын көбейткен еді. Қырғи-қабақ соғысы тарихындағы ең жоғары шенді қашқын-дипломаттың өліміне де ешкім елеңдей қоймады. Американың да, Ресей баспасөз де ол туралы жақ ашпады.

back-in-ussr.com
https://kaz.365info.kz/ogan-futbol-men-seks-khana-kerek-khakhpas-shal-khandaj-ozi-286411

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз